200 теңгелік монеталар айналымға шықты

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 теңгелік биколорлы айналыстағы монеталарды айналысқа шығарады.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды.

Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениеттерінің көркемдік элементтерінің үйлесімі көрініс береді, - делінген хабарламада.

Биколорлы айналыстағы монеталардың сипаты:

Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген.

Монеталардың сырт жағында орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін "QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY" деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін "2020" деген жазу бар.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған "200" деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде – тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде – тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін "TEŃGE" деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін "QUB" аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде – Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотип).

Техникалық сипаттамалары:

Металл құрамы: нейзильбер/нибрасс

Массасы: 7,5 грамм

Диаметрі: сыртқы сақинасы – 26 мм, ішкі дискі – 18,3 мм

Қалыңдығы – 1,90 мм

Қыры: 16 ойықтар.

Айта кету керек, номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады.

BAQ.KZ

Фото: дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT