АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап бере отырып, елімізде «ЖИ-қозғалыс» бастамасы қалай жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
– Қазақстанда «ЖИ-қозғалыс» бастамасын іске асыру жалғасып жатыр. Бес жыл ішінде біз 1 миллион азаматқа жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Бағдарлама барлық нысаналы топтарды қамтиды және жасанды интеллектімен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, – делінген министрліктің жауабында.
Бұл бастама аясында оқушылар мен студенттерге арналған кең ауқымды білім беру бағдарламалары іске қосылған.
– Оқушылар мен студенттер үшін TUMO, Tomorrow School, AI Sana және AI OLYMP бағдарламалары, сондай-ақ Day of AI бастамасы енгізіліп жатыр. Бұл бағдарламалар жасанды интеллект саласындағы базалық және тереңдетілген білімді меңгеруге, сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған, – деп нақтылайды министрлік.
Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор да бұл процестен тыс қалмаған.
– Мемлекеттік қызметшілер үшін AI Qyzmet бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында мемлекеттік аппарат қызметкерлері жасанды интеллектіні күнделікті жұмыс процесінде қолданудың негізгі сценарийлерін меңгереді. Квазимемлекеттік секторда AI Corporate бағдарламасы іске қосылады, – деп көрсетілген ресми жауапта.
Министрлік мәліметінше, жасанды интеллект саласындағы білім беру тек тар аудиториямен шектелмейді.
– Ауқымды аудитория үшін Tech Orda, QazCoders және Yandex курстарын қоса алғанда, онлайн-курстар мен акселерациялық бағдарламалар қолжетімді. Бұл бағдарламалар қазақстандықтарға сұранысқа ие IT-мамандықтарды меңгеріп, цифрлық салада мансап бастауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Ресми дерекке сәйкес, бүгінде AI Sana бағдарламасы арқылы 570 мыңнан астам студент сертификатқа ие болған. Tech Orda аясында 300 мыңға жуық педагог пен 50 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жасанды интеллектіні қолдану бойынша оқытылған.
Министрлік жауабында ЖИ-ді мемлекеттік қызмет көрсету саласына енгізу мәселесіне де тоқталды.
– Мемлекеттік органдардың қызметінде жасанды интеллект элементтерін енгізу мақсатында Ұлттық ЖИ платформасы аясында e-Gov AI, e-Otinish ақпараттық жүйесіне арналған ЖИ модульдері, 102 қызметіне арналған ЖИ-көмекші және басқа да цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, – деп хабарлайды ведомство.
Бұл бастамалардың барлығы Қазақстандағы цифрлық трансформацияның кең ауқымда жүргізіліп жатқанын және жасанды интеллектіні дамыту саясатының практикалық кезеңге өткенін көрсетеді.


