Ақаулы рельс жөнделе ме?

2018 жылдың 15-ақпаны мен 15-наурызы аралығында «Назар аудар, теміржол өткелі!» айлығы жариялануына орай 6 наурыз күні Аққыстау стансасы теміржол вокзалында дистанция басшылығының ұйымдастыруымен кеңес өтті. 

Теміржол өтпелерінде соңғы уақытта автокөлік пен пойыздардың соқтығысып қалу оқиғалары көбеюіне байланысты өткен бұл басқосуға жергілікті әкімшіліктер қызметкерлері, құқық қорғау органы қызметкері, автокөлік жолдарын иеленуші, автокөлік жолдарын салушы мекемелері, көлігі бар басқа да ұйымдар өкілдері қатысты.

Атырау жол дистанциясы бойынша Исатай ауданы аумағында 14 теміржол өткелі орналасқан. Осылардың ішінде күзетілетіні бір ғана өткел болса, 13-і күзетілмейді. Өткен жылдың аяғында «Аққыстау-Бақсай»жол аралығының 255 шақырымында орналасқан теміржол өткеліне дистанция тарапынан бейнебақылау қондырғысы орнатылды. Алдағы уақытта басқаларын да қамтамасыз ету жоспарланған.

Осы «Аққыстау-Бақсай» теміржол аралығындағы 255-ші шақырымда орналасқан рельстің ақауы бар және соны 2 жылдан бері ауыстыруға мүмкіндік болмай келеді екен.

– Оның себебі, жергілікті атқарушы органдардың салғырттық танытуында,-дейді Атырау жол дистанциясы өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші инженері Санат Нұғыманов.

Өткен жылдың аяғындағы «Өзен-Бастау» теміржолы аралығындағы өтпеде тепловоз бен микроавтобустың соқтығысуынан бірнеше адам қаза болғанын білеміз. Биыл да «Семей-Дегелең» учаскесінде «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі өтпедегі қызыл белгіні елемей, кезекшінің тоқтатқан дыбыстық бел-гісіне бағынбай, өтіп жатқан пойызға соқтығысқан. Оқиға салдарынан автокөлік пен вагон ортасында жылжымалы құрамды алып жүруші қаза болған.

Жыл басталғалы бері небары 2 айдың ішінде осынша оқиғалардың тіркелуі адам шошырлық жағдай. Сондықтан да теміржол өткелдеріндегі осындай келеңсіз оқиғалардың артында ең бірінші адам өмірі, материалдық және экономикалық шығындар жатқандығын естен шығармаған жөн. С.Нұғымановтың айтуынша, Тұщықұдық ауылының үстімен өтіп жатқан теміржол өткеліндегі ақаулы рельсті жөндеуге жолды жапса, небары 3 сағатта рельсті ауыстыруға мүмкіндік бар екен.

Қорыта айтқанда, бұның бәрі адам өмірінің қауіпсіздігіне әкеліп соғарын ескерсек, оның ортақ міндет жүктерін ойға ала жүрген абзал-ақ.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521