А.ҰТЫСХАНҰЛЫ, Атырау облысының бас имамы: «Ораза айтты үйімізде тойлаймыз»

- Әссаламуғалейкум, Алтынбек Ұтысханұлы. Әлемді жайлаған індеттің елімізде де етек алған шағы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Жамағат намаздары тоқтады. Мешіттер жабылды. Бұл жамағатқа қалай әсер етті?

- Уағалейкумассалам. Иә, күллі мұсылман баласы қадір тұтатын қасиетті Рамазан айы биыл осындай сынақты кезеңге тап келді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешіттерде жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойылды. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы басты құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылданды. Әрине, бұл – уақытша сынақ. Алайда, жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды.

Мәселен, құлшылық орнына шектеу қойылғанымен, Рамазанның оразасы ұсталып жатыр. Жамағат үйде отырып та намаздарын орындап, қол жайып дұғасын қылуда. Төтенше жағдай режимі біздің садақа беру, жоқ-жітіктерге қарасу секілді қайырымдылық жұмыстарын жасауға да кедергі болған жоқ.

- Солардың кейбіріне тоқтала кетсеңіз...

altynbek-2

Төтенше жағдай кезінде жамағат жұмылып қайырымдылық шараларын қолға алды. Осы Рамазан айының өзінде 4 миллион теңгеге жуық қаржыға аз қамтылған отбасыларға азық түлік себеттері таратылды. Оларды біз әр аудандарға да жібердік. Бұрынғыдай мешіт ауласына арнайы киіз үй тігіп, ауызашар жасай алмасақ та, ауызашар мәзірлерін дайындап, үйлерге қолдап тараттық. Күні кеше Мақтаарал ауданына жасалған көмекке де жамағатымыз жұдырықтай жұмылып, қолдан келген үлесін қосып жатыр. Айта берсек, жасалған амалдар жетерлік, оның бәрі бір Алланың ризалығы үшін атқарылған іс болғандықтан, сауабын Ұлы Жаратушымыздың өзінен үміттенеміз.

- Мешіттердің жабық болуы пітір садақасының берілуіне кері әсерін тигізбеді ме? Оны қалай ұйымдастырдыңыздар?

altynbek-3

- Пітір садақасын халыққа «Каспий голд», «Халықбанк» қосымшалары арқылы төлейтін жолын ұсындық. Иә, бұрын пітірін мешітке аяқтай келіп беріп, бата-дұғасын оқытуға үйренген көпшілік бұған бірден бой үйретіп кете алмағаны рас. Оның үстіне елдің бәрі бірдей смартфон ұстап жүрген жоқ, барлары аталған қосымшалардың қыр-сырын меңгере алмауы мүмкін дегендей. Соларды ескеріп, көпшіліктің көзі түсетін орындарға, әсіресе, сауда орындарына, мешіттің сырттарына пітір садақасын салатын жәшіктер дайындадық. Бұған да халық үйреніп, түсіністік танытты деп ойлаймын.

- Әлеуметтік желілерден өзге облыстардың бірінде намазхандардың жұма намазына мешітті ашуды сұрап, наразылық білдіріп жатқандарын байқағанымыз бар. Мұсылман ер адамға парыз болып табылатын жұма намазының оқылмауы себебін жамағатқа түсіндіру қиынға соққан жоқ па?

a

- Әрине, басында жамағат тарапынан түрлі сұрақтар келіп түсіп жатты. Не дегенмен, жұма намазын қалдыру оңай емесі анық. Бірақ, қазіргі жағдай тек біздің елде емес, бүкіл әлемге ортақ болғандықтан, бұл мәселеге қатысты әлемдік пәтуа шыққан еді. Бұл қадамға біз ғана барып отырған жоқпыз ғой. Көптеген мұсылман елдерінде де жамағат намаздары тоқтап тұр. Қасиетті Меккенің өзіндегі жағдай солай болған соң, жамағат бұл мәселеге түсіністік танытты. Біз де шамамыз келгенше насихат жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, жұмысымыз тоқтаған жоқ. Онлайн түрде дәрістеріміз жалғасып жатты. Қасиетті ай басында бастаған Құран хатымды кешегі Қадыр түнінде тікелей эфир арқылы көптің алдында аяқтадық. Елдің амандығы, халқымыздың ынтымақ-бірлігі үшін қол жайып дұға қылдық. Қысқасы, мешітте жүздеспегеніміз жамағаттан алыстағанымызды білдірмейді.

- Елімізде бірқатар мешіттердің ашылғанына рұқсат берілгенін білеміз. Бірақ, біздің Атырау облысындағы шектеу алынған жоқ. Бірер күнде мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бір - Рамазан айты есік ашқалы тұр. Айтты мешітте тойлау мүмкіндігі қалай? Егер мешіттерге рұқсат берілмесе, игі мерекені қалай атап өтуімізге болады?

altynbek-5

- Басқа аймақтарға қарағанда біздің мешіттеріміздің ашылуына рұқсат берілмеуі облысымыздағы эпидемиологиялық ахуал себепті болып отыр. Бұл - халықтың денсаулығы үшін жасалып отырған әрекет. Сондықтан, мамыр айының 25-іне дейін мешіттеріміз ашылмайды. Бұған түсіністікпен қарауымыз қажет. Бауыржан атамыз айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Елдің есендігі үшін сабырмен айт мерекесін әрқайсымыз өз үйімізде атап өтуге тура келіп тұр. Рамазан айтының қасиетіне тоқталып өтсек, Мухаддис Абу Дауд сахаба Анастан (р.а.) риуаят еткен хадисте былай делінген: “Расул Алла (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Мадинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Олардан Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сол екi күн жайында: “Бұл қандай күндер”, деп сұрағанда, олар: “Надандық дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк” дедi. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы күн болған – құрбан және ораза айт күндерiмен алмастырды дедi”. Айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына орайластырылған мереке. Ораза мерекесi шәууал айының 1-шi күнi басталады. Бұл күні ораза тұтуға болмайды. Карантиндік шектеулерге байланысты мешіттеріміз жабық болғаннан кейін айт намазы оқылмайды. Бірақ, біз айт мерекесін елеусіз қалдырмауға тиіспіз. Әр отбасы өз шаңырағында шектеу талаптарын сақтай отырып, дастарқан жайып, Аллаға шүкіршілік айтып, бір-біріне сыйлық жасағаны ләзім. Әсіресе, кішкентай балаларымызға тәттілер, ойыншықтар секілді сыйлық жасап қойған дұрыс. Өйткені, Рамазан айты жас сәбилеріміздің есінде қалуы тиіс. Бұл - бір жағынан тәрбие.

- Халыққа айтар тілегіңіз?

- Биылғы Рамазан сабырымызды сынаған ай болды. Бірақ, біз оған бірігіп төзе білдік деп есептеймін. Алла Тағала ұстаған оразамыздың сауабын еселеп, елімізді пәле-жаладан аулақ қылсын. Халқымыз бен ел басшыларына есендік беріп, қазақ халқын ынтымақ-бірлігінен айырмағай! Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521