Ғажап қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына қазақтың бүкіл болмыс-бітімінің сыйып тұруына себепші Абайдың даралығы, даналығы деп айтар едім.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» аталатын мақаласын оқыған әр адамның да менің осы пікіріммен келісері кәміл. Өйткені, Мемлекет басшысы да аталмыш мақаласында Абайдың қазақ үшін даналығын да, даралығын да өте терең әрі түсінікті тілмен ашып беріп отыр.
Қазақтың кең сахарасының қай түкпірін мекен етіп жатса да Абайды білмейтін, оның шығармаларын оқымаған қазақ баласын табу қиын болар деп есептеймін өз басым. Бұл - халықтың Абайға, қазақтың бар болмысын ашып көрсетіп беретін оның шығармаларына деген ықылас-ниетінен болса керек. Мұны, Абай әндерін, ақынның сөзіне жазылған әндерді орындай жүріп өзімнің де көзім жеткен жайттар ретінде айтып отырмын. Мәселен, белгілі өнер жанашыры болған Шәмшиден Шәріпов ағамыздың «Абай сыры» әнін тебіренбей тыңдаған қазақты көрмеген сияқтымын.
Мемлекет басшысы аталған мақаласында Абайдың 175 жылдығы аясындағы мерейтойлық шаралар тағылымдық, танымдық тұрғыда өріс алуы тиістігіне де тоқтала кетіпті. Өте орынды. Соның ішінде Абайдың өзі жазған, сөзіне жазылған әндердің көзтасада қалмасына, олардың да бүгінгі қазақ пен бүкіл қоғамның, күллі әлемнің Абайды тануына, түсінуіне үлкен қызмет етеріне сенімдімін әрі қолдаймын.
Серікқали ҚИНЕШОВ,
Абай әндерін орындаушы
Тұщықұдық ауылы