Абайдан басқа ақын даналық дәрежеге жете алған жоқ

Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласын үлкен толғаныс үстінде оқып шықтым. Нұрсұлтан Әбішұлы Абайдың тарихта алатын орнын ерекше атап өткен.

Ақыл-оймен зерделеп, Абайды ояну дәуірінің Көшбасшысы деп бағалауы және ұлы адамның тек ақын ғана емес, дана екендігін тап басып айтуы біз үшін үлкен жаңалық. Иә, шыныда да барлық ақындар өздерінің өмір туралы, адам туралы сезім-күйлерін толғайтыны белгілі, бірақ даналық дәрежеге жете алған жоқ. Абайдың даналығы сол – ол тіршілік өмірді, адамның өзі көріп-білген барлық қасиеттерін бағалап, кейбір мінездеріне сын айтты, болашақты болжады. Данышпан Абай өзінен кейінгі пәлен ғасырды көріп-білгендей. Ақынның айтқан даналық ойлары бүгінгі заманда жолбасшылық жасап жатқандығын көрсеткен.

Ұлы кемеңгеріміздің ойлары тек қазақ халқына арналған десек, кемшін соғар еді, оның ойлары бүкіл әлем халықтарына жолбасшылық жасап, ақыл-кеңес бергендей деп Елбасының айтқаны шындық екенін өмір дәлелдеуде. Абайдың адамгершілік, оқу-білім, еңбек, достық туралы айтқандарын бүгінгі күні әр адам толғанып оқып, өздеріне терең ой түйеді, ғибрат алады.

Адамды заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек, - деген данышпандық сөзі дүниедегі бар адамға ой салатыны сөзсіз.

Сонымен қатар, Елбасы Абай армандаған, мазасын алған, жанын ауыртқан жайлардың елімізде орындалып, оның ұлағаты жүзеге асып жатқандығын атайды.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» және тағы басқа қанатты сөздер әркімнің ойында жүретін және өмірде айнымай қолданатын даналықтары екендігіне халық назарын аударған.

Әр қазақстандыққа, әр жастағы адамдардың бәріне үлкен бағдар беретін Елбасының осы мақаласының мәні зор екендігін айтқым келеді.

Қадыр Жүсіп,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT