Абайды әжуалаған «тик-токшыларға» «тәк» дейтін кім бар?

Қазақтың Абайын, Ыбырайын, Әлиханын, Ахметін желіде селкілдетіп билетіп қойыпты. Ұлттың ұлы тұлғаларынан «Тик-ток» түсірген жастарымыздың мақсаты не? Таңғалдыру ма?

Қазақтың марқасқаларын мазақ қылып, алаш арыстарының абыройын аяқасты етіп, арзанқол дүниеден атақ шығарғысы келген қаракөздеріміз таңғалдырмақ түгілі жаға ұстатты. Бұндай бассыздыққа не дер едіңіз?

ЕРБОЛАТ НАСИМУЛЛИН, aрдагер ұстаз, тарихшы.

- Жалпы өлген адамның суретімен ойнау, келеке етуді азғындық деп атауға болады. Ондай адамдар үшін тұлғалардың, қазақи мәдени салт-дәстүрлердің, ұлттық құндылықтардың құны көк тиын. Оларға жарқ-жұрқ еткен алдамшы сәт, бір күндік қызық қана маңызды.

Есі дұрыс адам «Тірі тұрсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлиханды әзілге айналдырар ма еді? Философиясын бүкіл әлем мойындап отырған Абайды әжуа қылар ма еді? «Кел, балалар, оқылық» деген Ыбырайды билетіп, еңбектерінің құндылығына күн өткен сайын көзімізді жеткізіп отырған Ахметті сайқымазақ етер ме еді?

Біз кейде «әркімнің өз пікірі бар» деп, жастарымызды да еркіне қоя беретін болыппыз. Бұл жақсы емес. Олай дейтініміз, өздігінен ойлана алмайтын жастар әсіре ашықтықтан осындай бейәдеп істердің соңына ілесіп кетулері әбден мүмкін. Сондықтан, олардың бетін қайтарып, заңмен жауапқа тарқан дұрыс.

Жалпы бұның бәрі үйдегі тәрбиенің нашарлығынан орын алып жатқан жағдайлар. Менің ойымша, балаларымызды үйден де тәрбиелеп, сырттан да бақылау жасалып отыру қажет.

ЖАНСАЯ РЫСҚАЛИЕВА, аудандық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы:

- Аталарымызды сайқымазаққа айналдырған бейнемонтажды көріп, жағамызды ұстадық.

«Тик-ток» желісі пайда болғалы жастардың дені түрлі бейнежазбалар түсіріп таратуды әдетке айналдырды. Америкада бір қыз өзін «Тик-токқа» түсіріп, онда көзін, аузын қимылдатып билеп, таратады. Содан кейін бұл желіге тарап, жастар жағы соны қайталай бастады. Кейін басқа бағдарлама шықты. Ол, суреттерді қимылдататын «қасиетке» ие. Қазақтың тау тұлғаларын «билету» осы екі бағдарлама арқылы жасалған болуы керек.

Аудан жастары бұндай сорақылыққа қарсымыз, әрине. Бұндай бассыздықты болдырмау үшін жастар арасында тәрбиелік жұмыстарды қолға алу жоспарда бар. 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT