"Адам болғанын қайтейін, адамдығы жоқ болса"

Адамды адалдық пен арлылыққа жетелейтін қасиеттердің бірі кісілік пен кішілік дер едім.

Әркім сол қасиеттерді кіршіксіз сақтап, жақсы мінез-құлықты жинақтау арқылы рухани байлығын, адамдықтың асыл айдынын ұрпаққа ұлағат ете білсе, кейінге үлгі ете жүрсе ғанибет.

Иә, кісілік - қастерлер қасиет. Оның бет-бейнесі кішілік арқылы көрініс беретінін кейде байқасақ та, көңілден жырақтатып алатынымыз жасырын емес. Осыдан барып жөнсіз кеуде қағу, өзінен басқаны бағалауды, құрметтеуді өзін төмендететін төзгісіз іс-әрекеттей түсінетіндер табылып қалатын болғанын байқап жүрміз. Тіпті, бірінде білдей бір азаматтың өзінің қызына құда жібергісі келген ауылдасын менсінбей, «олар біздің теңіміз емес» дегенін естіп, еріксіз қынжылғанымыз да бар. Екеуі де бір ауылдан, бірін-бірі жақсы танитын, былайынша «ауылы аралас, қойы қоралас» жандар-тұғын. «Апырай, ақылды азамат еді ғой, кісілігі мен кішілігі жетпей қалды-ау» десті мұны естігендер. Әркімнің өз шаруасы дегенмен, олар да осы біздің қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, бәрімізді ойландыратын жайт бұл. «Ұлық болсаң - кішік бол» деген халқымыздың даналық тұжырымынан, есті ескертпесінен аттаудың ақыры абыройды аяқасты етуге әкеп соғатынын ескермеу де естілікке жатпасы анық. Қазақтағы «Жақсыға жақын жүр» деген сөздің де бекерге айтылмағанын ойға алсақ, әлгіден кейін әлгі азаматтың жанынан жырақтай беретіндердің көбеймесіне кім кепіл. Кісілік келбетті, көркем мінезді адамның жан шуағын айналасына шашып жүретінін біледі жұрт. Ондай азаматтардың бедел-биігі, абыройы аласармақ емес, сірә. Осы жерде сол абыройыңыздың өзі елдің сол адамға деген құрметі екенін жоққа шығаратын ешкім болмас деп есептеймін өз басым. Ал елдің құрметін қадірлей білген азаматтың ғана басы қайда да сыйлы болмаққа керек.

Кісілік - көкірегінде көзі бар адамның еншісі, ақыл-ой мен парасаттың көрінісі дейтіндер баршылық. Дей тұрсақ та, байлығына мастанып, бәрін сатып алатындай кісімсіп, күпінгендердің табан астында айы оңынан туатын сәттерді де көріп қалып жүрміз қазір. Yрлеп ішіп, шайқап төгетін шайпау мінезден, байлықтың буына елітіп, маңайына мұрынын шүйіре маңғаздық танытатын тарпаңдықтан кісілік шықпайды. Сол бір көрініске керісінше, ақылы асқан кей азаматтың салы суға кетер жайттар болып жатарын жасыра аламыз ба?. Сондайда, бармын деп тасымайтын, жұртқа жасаған жақсылығын міндетсіп көрмеген, оны жария қылғысы да келмеген азаматтар жайлы естіп, сырттай риза болып қаласың.

«Жөн сөзге жығыла білу де кісіліктің белгісі» деп отырушы еді үлкендер. Бірінде жол полициясы қызметкері жас шамасы алпысты алқымдаған ауыл азаматын тоқтатыпты. «Қас қылғандай, бұрын көлікте жүретін құжаттарым сол күні үйде қалып қоймасы бар ма? Өзімнің баламмен жасты полиция қызметкерінің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдым. Амал жоқ, бар шынымды айттым, кінәмді мойындадым. Кісілігі, түсінігі бар жігіт екен, «аға, енді ұмытпайтын болыңыз» деп қоя берді. Содан бері құжаттарымды төсқалтамнан тастамайтын болдым, әлгі баланың адамдығын үнемі айтып жүрем» деп әңгімелеп отырғанын естігенмін кейін сол ағамыздың. Меніңше, ол қызметкердікі де, бұл кісінікі де кісілік дегенге сияды. Әйтпесе, жасаған жақсылықты білмейтін, көзің тая бере тілдейтін қуыскеуделерді де көріп келеміз-ау. Қарапайым көптің ішінде шірене «шырт түкіретіндердің» өзінің сол әрекетімен ішкі жан дүниесінің жағымсыз жақтарын былайғы жұртқа өзі-ақ жарнамалап тұратындығын аңдап таңданасың кейде. Мұның аты - кісімсу, кісіліктің қас жауы. Кісімсіп, қабақтан қар жаудырып, айналасына ызғарын шаша «айбат шегетіндер» де арамызда жоқ емес. Кішілігіңді ұмытпай, кісілігіңді алдыға ұстап, алдымен сәлем бере қалсаң, жағы қарысып қалғандай аузын жыбыр еткізетін болмаса қолының ұшын бере салатын «кісілерді» де көріп келеміз. Ал олардың өзінен зорлардың алдында құрақ ұшып, қос қолын ала шапқанын көргеніңде қарадай ұяласың. Міне, қазіргі кейбір ағаларымыздың сиқы осындай. Кісімсудің кеселіне шалдыққан мұндай жандардың ойы - олқы, жаны жайдақ келетіні шын. Қашан оқығаным есімде жоқ, «Кісімсу - ардан айырылу, ұятты ұмыту» дегені бар-ды біздің бір әріптесіміздің. Айтса-айтқандай, енді. Жалпы осы кісілік пен кішілік дегеніңіздің өзі бірін-бірі толықтырып тұратынын аңдауға көп ақылдың керегі де шамалы. Кішіктік - менмендікке, тәкаппарлыққа, кеудемсоқтыққа, астамшылыққа қарсы тұрар қасиетті күш. Кішілік - қоршаған ортаңа деген құрметтің, айналаңдағы адамдарға деген ізгілік істің, ілкімді ілтипаттың, қарапайымдылықтың, көзі ашық көңілдің белгісі. Азаматтың атын аспандатып, мерейін өсіретін де, жамандықты көрші қондырмай өшіретін де осы бір қасиет.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT