Адамдық амандасудан басталады

Жастар қауымына көңіл толмаушылық қай заманда да болған ғой.

Тіпті, сонау антика заманында өмір сүрген Диогеннің өзі «Апырау, мына жастар бұзылды, енді қайтпек керек» деген наразылыққа толы өкінішін өз жазбаларында қалдырған екен деседі. Негізі жастардың жастық максимализмге тән албырттығы мен алып-ұшпалығын кейбір алдыңғы толқын өкілдері көп жағдайда жақтырмай қалып жатады. Бірақ шын мәнінде мынау жаһандық ғаламдану мен ғаламтор басқарған қазіргі өмірде жас-тарымыз үлкендермен қалай амандасуды және олармен әдепті сөйлесу мәнерін жоғалтып алған секілді. Олай дейтін себебіміз, мектеп жасындағы ер балалар қариясы бар үйге келгенде амандасудың реті солай екен деп көп жағдайда «сәлеметсіз бе!» дейтін болды.

Әдетте ауыз толтырып айтатын «ассалаумағалейкум!» деген қазақша да, исламша да амандасу түрі мектепте сіңірілетін ибалы тәрбиеге қайшы болмауы тиіс еді негізі... Әсілі қазақы түсінік тұрғысынан келетін болсақ, ер балалар өзінен үлкен ел ағаларына «ассалаумағалейкум» деп, ал жас әйелдерге «сәлеметсіз бе», үлкендеу кісілерге «сәлем бердік» дегені дұрыс қой. Сонда ғана әр адам өзгемен амандық-саулық сұрасып, есендесудің мәні мен ретін сақтайтын болады. Сонымен бірге қазіргі қоғамда байқалатын тағы бір өзекті жайт – жасы жиырманың о жақ бұ жағындағы жас жігіттердің әкесінен де үлкен алпыстардағы қарияларға «Мәке», «Сәке» деп құрмет білдіргенсуі. Бұл – дұрыс емес. Өйткені жиырма мен алпыс аралығындағы бақандай қырық жыл олай еркінсуге жол бермесе керек. Бірақ соңғы уақытта «бәтір-ау, сен түгілі әкеңнің өзі бірде айтып, бірде айтпайтын сөзді қалай ғана аузың барып лақ еткіздің» дейтін қария, өздігінен санасына сана қосылып, ақылына ақыл жамалып, қатесін түзеп жатқан жеткіншекті де көре алмай жүргеніміз өтірік емес. Өйткені, қазіргі шалдар (барлығы емес) ораза ұстамайды, мешітке бармайды. Жастарға ақыл, уағыз айтпайды. Атасы қылтың мен сылтыңнан қолы босамай жүргенде немересі бұзылмай қайтсін. Міне, бүгінгі тәрбиенің сиқы осындай болып тұр.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521