Исатайлық Қойтанов Әділ Қаженбайұлы баспа, кітап индустриясы саласында біраз жылдардан бері еңбек етіп келеді.
Былтырдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан ол, енді міне, құрылтайшылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясының президенті болып сайланды. Сала қызметкерлері оның іскерлігіне, біліміне сенім артады әрі жақсы біледі. Ассоциация құрылтайшылары да оның кандидатурасын түгел қолдады.
«Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы алдағы жылдан бастап бірқатар маңызды функцияларды қоса атқарып, баспа саласының даму қарқынын арттыруды жоспарлап отыр. Әділ Қаженбайұлының Кітап палатасындағы басшылық қызметімен қатар заңды тұлғалар бірлестігіне басшылыққа сайлануы – жақсы бастамалар мен сала қызметкерлері үшін мол мүмкіндіктің ашылуы» дейді әріптестері.
Жерлесімізге міндет жүгін молайта түскен президенттік қызметінде де сәттіліктер тілейміз.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР