Мемлекеттік қызметті атқаруды лауазымды адамдар қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру деп түсінеді.
Сол себепті, оларға қойылатын талаптар өте жоғары.
Мемлекеттік қызметші өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік -процестік кодексі, «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын) және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Оның басты қызметі – адамдармен дұрыс қарым-қатынаста тіл табысып жұмыс жасау, өз сезімі мен эмоцияларын басқара білу.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 49-бабында мемлекеттік қызметшілер әдептілікті қалай сақтау керектігі жөнінде талаптар көрсетілген:
1. Мемлекеттік қызметшілер:
1) заңдылық қағидатын басшылыққа алуға;
2) мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге;
3) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
4) жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
6)қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге;
7) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті.
2. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті бұзса, Заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа тартылады
3.Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторинг жүргізумен бақылауды әдеп жөніндегі уәкіл жүзеге асырады.
Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін үйлестіруді және әдіснамалық қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Әрбір мемлекеттік Қызметші қызметтік әдепті сақтау үшін барлық қажетті шараларды қолдануы тиіс. Ал, қоғам мемлекеттік қызметшінің күш-жігеріне, білімі мен кәсіби қызметіндегі іс-тәжірибесіне, Отанына адал қызмет ететініне сенуі қажет.
Бүгінгі таңда өз қолымыз өзімізге жеткен уақытта мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді іс-қағаздарында болсын, ресми жиындарда болсын, күнделікті өзара қарым-қатынаста болсын, барынша тиімді қолдану - әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы саналады. Құжат айналымын бірыңғай мемлекеттік тілге көшіріп, алқалы басқосулар мен түрлі деңгейдегі жиын-кеңестердің тек алғы сөзін ғана қазақ тілінде емес, толығымен мемлекеттік тілде өткізу - басшылардың басты назарында болуы керек.
Осы орайда айтарым, мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік саясатты қалтқысыз жүзеге асыратын, мемлекет пен халық тарапынан сенім білдірілген, заңмен үлкен жауапкершілік артылған тұлғалар. Сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметші мінсіз қызметімен, жұмысындағы жақсы көрсеткіштерімен көрінуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болуы қажет. Мемлекеттік қызмет мәртебелі жұмыс екенін әрбір қызметкер біле жүргені абзал.
Ардақ НУРАЛИЕВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы