Айға жеткен азан

Құран-Кәрімде ғарыш саласына қатысты біраз мәлімет қамтылғанын ғалымдар мойындап отыр.

Ежелден көк жүзіне көз тіккен адамзат баласы бүгінде жаңа технология арқылы шексіз кеңістіктегі сансыз галактиканы анықтауда. Сөйтсе де, жерден бар болғаны 356 400 шақырым қашықтықта орналасқан Ай құпиясына әлі толығымен бойлай қойған жоқ.

1961 жылы қазақ даласындағы Байқоңыр ғарыш алаңынан Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшты. Бұл, сөз жоқ, адамзат үшін ғаламат жетістік болып саналды. Қазақ ұлтынан Тоқтар Әубәкіров тұңғыш ғарышкер атанса, Талғат Мұсабаев ашық ғарышта бір айдың ішінде 30 сағат 8 минут болып, Гиннестің үздік табыстар кітабына енді. Былтыр үшінші болып аттанған қазақ перзенті Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары сәтті аяқталып, жерге аман-есен оралғанына баршамыз куәміз. Құранда: «Ей, жын және адамзат жұртшылығы! Жер мен көктің шекарасынан өтіп кетуге күштерің жетсе, өтіп кетіңдер. Өтіп кете алмайсыңдар, бірақ ерекше бір қуатпен болмаса» деп (55-сүре, 33-аят) айтылады. Белгілі дінтанушы, ақын Ғазез Ақытұлы «Құран-Кәрімдегі ғылыми негіздер» атты кітабында осы аят арқылы Алла Тағаланың ғылым мен техника күшін меңзегенін айтады.

Ғарыш кеңістігінде Талғат Мұсабаевқа зымыраннан шығуға тура келген. Сол сәтте зымыранға бекітілген құрылғыдан ажырап, қатерлі кеңістікке «жұтылып» бара жатқанда, өзін әп-сәтте ғарыш кемесіне қайтарған тылсымға қайран қалған. Артынан ол: «Бірінші ұшқанда атеистік ұстанымыма селкеу түсті, екіншісінде Алла Тағаланың бар екеніне кәміл сендім» деп баяндайды. 1969 жылы 21 шілдеде NASA ұшырған «Аполлон-11» ғарыш кемесі Айға қонды. Нил Армстронг пен Эдвин Олдрин Ай бетінде екі сағат жарым уақыт болып, қажетті материалдар жинап қайтты. Одан кейін ғылыми зерттеу мақсатында жасанды жер серіктері ұшырылғанымен, ешқандай адамзат өкілі аяқ басқан жоқ. Тіпті НАСА-ның да ұмтылыс танытпағаны бәрін таңғалдырып отыр. АҚШ-тың ұлттық ғарыштық зерттеу орталығы көптеген құпия деректі әлі жарыққа шығарған жоқ. Зерттеуші-ғарышкерлер оралған соң НАСА-ның мұқият «сүзгісінен» өткен. Сеанс әсерінен көбі көрген-білгендерін есіне түсіре алмаған немесе айтуға тырыспаған. Дегенмен НАСА-ның бұрынғы директоры Кристофер Краф ғарышкерлермен тікелей байланыста болғанда жазылған диалогты жариялады. Онда Айға қонғанда, бөгде ғаламшарлықтардың бақылап тұрғаны мәлім болды.

Бүгінге дейін жер серігі туралы мыңдаған кітап жазылды. 150 мыңнан астам сурет түсірілді. Телескоптар арқылы да түрлі тылсымға куә болғанын алға тартқандар бар. Кейбір ғарыш саласының мамандары, уфологтардың елді елең еткізген мәлімдемелері де едәуір. Бәрін қоса алғанда, Ай бетіндегі кратерлер (жанартаудың ұшар басындағы ойық), бірізді салынған нысандар, құрылыстар, мұнаралар, ұшатын табақшалардың бары анықталған. Сондай-ақ Айдағы пирамида тектес құрылыстар пішімінің Жер және Марс ғаламшарында табылғандарымен ұқсастығы таңғалдыруда. Жер 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болса, сол уақыттан 10 миллион жылдан кейін алып метеориттің соқтығысуынан «Ай бөлініп шықты» деп есептелініп келді. Бірақ ғарыштағы зерттеулер нәтижесінде Ай жынысынан жердікінен мүлдем басқа элементтер табылды. Жас жағынан алғанда да, «қарт» болып шықты. Яғни ғылыми болжам пайда болу уақытын 3,6 млрд. жылға шегерді. Сондықтан әлі күнге түрлі болжамдар ұсынылуда. Ғалымдардың кейбірі Марс пен Юпитер арасында қазір метеориттер жүзіп жүрген орбита сызығында тағы бір ғаламшардың болғанын, бертін келе «апатқа» ұшырап, бөлшектенгенде, бір кесегін Жер өз осіне тартып алғанын алға тартады. Енді біреулері Айдың титан тәріздес қалың қалқаны барын, ортасы қуыс екенін айтып, Айды тұтасымен жатғаламшарлықтардың арнайы әкелген жасанды жер серігі деп таниды. Жерден салмағы 81 есе, диаметрі төрт есе кіші Айдың күн сәулесі шағылған беті ғана адамзатқа ылғи көрініп, төрттен бір бөлігі күңгірт күйінде қалып отыратыны осы жорамалдарға негіз болуда. Оның үстіне сол тұстан беймәлім нысандардың ұшып шығып жататыны көбін ойландырып отыр. Айдың ішкі қуысында басқа тіршілік иелері ежелден ғұмыр кешетіні, олар озық өркениет иелері ретінде біздің ғаламшар тұрғындарын «бақылауға» алғанын, ғарыш кемелерін жақтыра бермейтіні жөнінде пікірлер тұжырымдалуда.

Бір ғажабы, Құранда «Толып кемеліне келген Аймен серт, сендер сөзсіз бір қабаттан бір қабатқа аттанасыңдар. Ендеше, иман келтірмейтіндер, оларға не болған?» деген «Иншиқақ» сүресінің 18,19, 20-аяттарының сыры тайға таңба басқандай көзге ұрып тұрған жоқ па, Иләһи кәламда адамның Айға алғаш сапар шегетіні, бірнеше атмосфера қабатынан өтетіні, сондай-ақ мұсылмандықтан өзге дін өкілдерінің (немесе атеистердің) қуатты технологиямен ақиқатқа куә болатынынан хабар берілген.

Жер бетін 360 уақыт меридианы бөліп жатыр. Олардың аралығында төрт минут айырма жатыр. Әр меридиан сызығына сәйкес мешіті бар елдер орналасқан. Ал азан уақыты төрт минуттан кем болмайды. Сонда жер шарында тәулік бойына азан үзілмейтіні ғылымда дәлелденді. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) азан айтылғанда, аспанда дұға есіктері ашылатынын айтқан. Осы орайда мына әңгімені тілге тиек етсек. Нил Армстронг 1983 жылы Мысырда болған ғылыми конференцияға қатысады. Сол уақытта азаншының дауысы естіледі. Елең еткен ғарышкердің өңі тез өзгеріп, қайдан шыққан әуен екенін қайран қала сұрайды. Конференцияға қатысушылар азан екенін түсіндіргенде, «Айға алғаш аяқ басқанда, дәл осындай әуенді естідім, сонда бойым шымырлап қоя бергені есімде» деп ағынан жарылып, артынан ол Ислам дінін қабылдайды. Армстронг, Олдринг пен Коллинс үшеуі Ай үстінде ашық тұрған үлкен кітапты көрген. Оны суретке түсіріп, әуенді таспаға жазған.

Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) пұтқа табынушыларға түнде сұқ саусағымен ишара етіп, айды екіге бөліп, Алланың қалауымен мұғжиза жасаған. Олардың талабы бойынша жартысын Әбу Құбайс тауының үстіне, бір бөлігін Құйақан жотасына жақындатады. Меккеліктер бұған сенбей, ертеңіне қалаға кірген сауда керуендеріндегі кірмешілерден сұрайды. Жолда олар да көргеніне куәлік етеді. Алла Тағала бұл оқиғаны «Сағат (уақыт) жақындады және ай жарылды» деген аяттарда баяндайды. Француз ғалымы Поле Айдың екіге бөлінгенін ғылыми түрде дәлелдеген. Жердегі тіршілікке Айдың ықпалы зор. Біздің ғаламшар алғашында өз осінен ауытқи бұлғақтап тұрған. Күн жарығы бар болғаны сегіз сағатқа созылған. Ай «келгелі» жердің өз осінен айналуы тұрақталып, жылдамдығы баяулаған. Жыл маусымдары қалыпқа түскен. Ай мейлінше жерге жақындағанда, ірі су апаттары тіркеліп отырады. Оның магниттік өрісі адамдарға да әсер ететіні ежелден белгілі. Ай жыл сайын 4 см-ге қашықтауда. Ол ғайып болған жағдайда теңіздер, мұхиттар буырқана тасиды екен. Құрандағы Йасин сүресінде: «Айдың да тұрақтайтын орнын белгіледік, кәрі құрманың қураған бұтағындай (фазалары ауысуын тұспалдаған) болғанға дейін аспанды кезіп жүреді. Күннің Айды қуып жетуі (соқтығысуы), түннің күндізді басып озуы мүмкін емес, әрқайсысы өз орбитасында жүзеді де жүреді» деп (39, 40-аяттар) Жермен тығыз байланыс орнатқан ғарыштық дененің кездейсоқ жаратылмағанын дәлелдейді. Қасиетті кітапты тұтастай оқығанда, араб тіліндегі «ай» сөзі 12, «күн» сөзі 365, «күндер-екі күн» сөзі 30 мәрте қайталанатыны да еріксіз таңдандырады.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521