Әкем журналист болғанымды қалайтын

Бала кезімнен газет-журнал, кітаптарды оқуға әуеспін. Әрине, бұл ынтызарлығыма әкемнің ықпалы зор.

Әкем жасынан сауатты, көзі ашық, тілге бай, ешкімге жамандық ойлаудан ада, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, жомарт жан еді.

Апта сайын үйімізге поштадан келетін бума-бума мерзімді басылымдардың әр санын жібермей оқып, артынан дастархан басында біздерге айтып отыратын. Содан болар, қаршадай кезімнен аңыз-әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдерді сүйсіне, іздене оқыдым. Бірте-бірте қазақ әдебиетіне қызығушылығым, сүйіспеншілігім артты. Бұл әдетімді яки қасиетімді ата-анам байқаса керек, бетімнен қақпай, белімді бууға тырысты. Түрлі шара, жарыстарға қатыстырып сынауға, бір жағынан сынатып алуды қолдарына алды. Өйткені, ата-ана үшін перзенттерінің жақсы оқып, жақсы жерде жұмыс жасағаннан артық арман жоқ қой.

Бірде әкем «қызым, әне-міне дегенше бойжетіп, мектеп бітірер тұсың жақын, келешекте сөз тізгінен ұстар журналист маман бол дегім келеді. Ойланып көр. Қалғаны өз еркіңде» деді. Сол сөзі әлі күнге дейін санамда жаттаулы тұр.

Әкем жарықтық өмірден ерте өтті. Жазмыштан озмыш жоқ. Ал мен әкем аманат еткен бір ауыз сөзді жерге тастамай, бүгінгі күні журналистика мамандығында оқып жатырмын. Бұл менің әке алдындағы үлкен жетістігім деп білемін. Енді білікті де білімді маман болу – өз қолымда.

Сағыныш ҚАЙЫР,

студент

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT