Аққыстаулық авиадиспечер: «Мың адамға жауаптымыз»

Аққыстаулық Рүстембек Әбежановтың авиация саласында қызмет атқарғанына 10 жыл уақыт болыпты.  

Ол 2011 жылы Атырау қаласынан жазбаша сынақтан өтіп, «Эйр Астана» компаниясына жолсерік болып жұмысқа қабылданды. Қабылданды деу ауызға оңай болғанымен, оның сынақтарынан өту қиынның қиыны. Ол үшін ол Германия елінен 5 күн емтихан тапсырыпты. Жүргіншіні құтқару, борт серігі қызметі үлкен жауапкершілік жүктейтіндіктен, оның сынағы да соғұрлым күрделірек болары сөзсіз.                      

«2011 жылы аралығында борт серігі болып авиация саласындағы жұмысымды бастадым. 2012 жылы жердегі супервайзер қызметіне ауыстым. Бұнда ұшақ есігі ашылғаннан жабылғанға дейінгі аралықтағы бүкіл қызмет біздің мойында болатын. Бұл жұмысты үш жыл істедім» дейді Рүстембек.                 

 1

«Өзіңді дамытып отыру қай салада да маңызды. Менің де алға қойған мақсатым сол еді. Диспечерлердің алғашқы дайындығына өтуіме ұжымым да бұрынғы басшым да қолдау білдірді. Сөйтіп Румыняның астанасы Бухарест қаласындағы авияциялық мектептен білім алдым. Онда бәрі ағылшын тілінде болды. Басында қиын болғанымен, кейін оған да үйрендік. Қысқартып айтқанда, бас-аяғы бір жыл ішінде ағылшын тілін еркін меңгерген маман болып шыға келдік» дейді аққыстаулық авияция қызметкері.

Бұнда оқу тұрмақ, сыннан өтудің өзі оңай шаруа емес. Бірнеше үміткердің кейбірі физикалық жағынан сүрінсе, бірі психологиялық сынақтардан сыр беріпті. Ағылшын тілінен ақсағандар да аз болмапты. Осылардың қай-қайсысынан да мүдірмеген Рүстембек Әбежанов алға қадам жасаудан шаршаған емес.

1

«Оқудан соң Ақтөбе қаласына жіберді. Онда үш жыл жұмыс істедім. Кейін 2019 жылдың аяғына таман Атырау қаласына келдім. Онда төменгі биіктікке ұшатын ұшақтарды басқару диспечері болып қызмет атқардым. 2020 жылдан бері «Мұнара» диспетчерлік пункт інің әуе кемелері қозғалысын тікелей басқаруды жүзеге асыратын диспетчерімін. Бұнда үлкен ұшақтармен жұмыс жасаймыз» дейді Рүстембек.

«Әуе диспечері болу үшін маманда сараптаушылық қабілеттің болуы және өте жылдам шешім қабылдай білуі тиіс. Өйткені, бір мезгілде бірнеше ұшақ қонатын сәттер жиі кездеседі. Сол кезде олардың ара қашықтығын есептеп, бақылау жүргізіп, ұшқыштарға бағыт-бағдар беріп отыру - біздің міндетіміз» дейді диспечер.

Үнемі жауапты жұмыста болғандықтан, диспечерлердің денсаулығына да мән беріледі. «Тұрақты түрде медециналық тексеруден өтеміз, үш жыл сайын ағылшын тілінен емтихан тапсырамыз. Қандай жағдайға да дайын болу үшін түрлі жаттығулар жасап тұру да маңызды. Есепті талап ететін бұл салада біліміңді шыңдап отыру - бірінші кезекте тұратын іс» дейді маман.

1

Рүстембектің айтуынша,мың адамның өміріне бір авиадиспечер жауапты. Бір қате берілген ақпараттың соңы орны толмас өкінішке айналуы мүмкін.

Айта кетейік, бүгін - Авиация күні мерекесі. Аққыстаулық азаматты кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, екінің бірі атқара алмайтын қиын да қилы қызметіне абырой мен табыс тілейміз!

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT