Ақтоты Балмулдина – облыс әкімінің марапатына ие болды

 

Атырау облысында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен салтанатты жиында сала ардагерлері мен мемлекеттік қызмет саласының өкілдері кәсіби мерекелерін атап өтті. Жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов арнайы қатысып, көп жылғы еңбегімен елге танылған қызметкерлерге құрмет көрсетті.

Солардың қатарында Исатай ауданы, Аққыстау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақтоты Балмулдина да бар. Ол осы күні облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

 

 

Ақтоты Шарапиденқызы мемлекеттік қызмет саласында 22 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Халықпен жұмыс жасаудың қыр-сырын меңгерген, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман бұл марапатты өзінің ғана емес, бүкіл ұжымының жемісі деп біледі.

– Мемлекеттік қызмет – бұл әрбір қадамың еліңнің игілігіне бағытталатын үлкен жауапкершілік жүктейтін сала. Жылдар бойы жинаған тәжірибем мен еңбек жолымның бағалануы – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – ең алдымен, сенім мен талапты бірге ұштастыра білген ұжымдық еңбектің көрінісі,-дейді марапат иегері.

 

 

Адал қызмет, ел алдындағы міндетке беріктік, жұмысқа деген жанашырлық – Ақтоты Шарапиденқызының кәсіби болмысына айналған қағидаттар. Осындай табанды мамандардың тәжірибесі – жас мемлекеттік қызметшілерге үлгі, ал қызметке деген ұстанымы – нағыз бағыт-бағдар.

Мемлекеттік қызметшінің еңбегі – ел тыныштығы мен дамуына қосылған үлес. Сондықтан да мұндай марапаттар – тек еңбек иесін ғана емес, тұтас сала өкілдерін қанаттандыратын қуатты күш. Ақтоты Балмулдина сынды мамандардың елеулі еңбегі ел жадында жаңғыра беретіні сөзсіз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT