Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды.
Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.
Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары терең зерттеулерге арқау болып, оған халықаралық деңгейдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының назары күшейіп отыр.
Бұл тарауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені туралы қалам тербеген шетелдік БАҚ жарияланымдарымен танысуға болады.
Владимир Путин:
«Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді?
Си Цзиньпин:
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді.
Кофи Аннан. БҰҰ Бас хатшысы (1997-2006 жж.)
«Қазақстан - ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны тараптау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты.
Пан Ги Мун. БҰҰ бас хатшысы (2007–2016 жж.)
Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көрегенді шешім қабылдадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру бастамасын ілгерілетуге ықпал еттіңіз. Сіз Непал және Ирактағы БҰҰ-ның бейбіт мақсаттарына жәрдемдесуге қызметкерлеріңізді ұсынып, БҰҰ-ның бағдарламалары мен қорларға материалдық көмек көрсетіп отырсыз.
elbasylibrary.gov.kz