Әлинұрдың еміне үш күнде 1 млн. 700 мың теңге жиналды

Баланың қатесі көп қой. Жақында Х.Ерғалиев ауылындағы жас отбасылардың бірі Лебіз Қалыбекұлының сәбиі қатеге ұрынып, көз жанарына зақым келген еді.

Облыста екі рет ота жасатқанымен, жанары қалыпқа келмеген сәбиді емдеудің бір жолы ресейлік мамандардың көмегіне сүйену болатын. Ал, ол үшін қаржы керек. Және ол аз қаражат емес. Қапелімде ол ақшаны табу жас отбасыға қайдан оңай болсын? Бұл қиын жағдайды көзбен көріп, жүрегімен сезіп отырған отырған ауылдастары жұмылып жәрдемдесуді және жаны жомарт, жүрегі мейірімді жандарды жұмылдырып қаржылай қолдау білдіруді қолға алды. Сол қайырымды жандардың көмегі тиіп, ел арасында ақпараттандыру арқылы сәбидің отасына ақша жиналып, оның көлемі миллион жарымнан асқанын естіп қуанып қалдық.

«Алла қолдап, Сіздер демеп, кішкентай Әлинұрдың еміне жиналып жатқан қаражат 1 700 000 теңге болыпты. Жанашыр жандардың үндеуіне бей-жай қарамаған барша қайырымды жандарға Алланың нұры жаусын! Қосқан қаржылары еселеп қайтсын! Ұрпағына азық болсын! Сымбат жіберген есептерден ауылдастарды, әріптестерім мен шәкірттерімді, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ниеттес, тілеулес достарымды көрген сайын бір марқайып қаламын! Мейірбан жандармен бір бағытта болғаным үшін қуаныштымын. Өз атымнан да басымды иіп алғыс айтамын. Бұйырса, Әлинұр Мәскеу қаласына жолға шықпақшы. Енді балақайға ақ жол тілеп қойыңыздар! Репост жасап, әлеуметтік желіде қолдау білдірген жандарға да көп рақмет!» дейді кеше ғана инстаграм парақшасында мейірімді жандарға шын ықыласын білдірген Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны, білікті ұстаз, ерікті Бибігүл Төлеуова.

Алла сәтін салып, бәрі жақсы болады деген үміттеміз, жақсылық жақын болсын деп тіледік.

Анаргүл ҚЫДЫРСИЫҚҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521