Алынбаған тауарға ақша аудару – жемқорлыққа жол ашатын фактор

Соңғы уақыттарда қоғамымызда сыбайласа пара алып немесе екі шоқып, биге шығып, өзіне сеніп тапсырылған бюджеттің қаржысын қымқырып, жүрген лауазымды тұлғалар көптеп кездесіп жүр.

Артынан айыпты болып, мемлекетке келтірілген шығынының жетпіс еселенген сомасын бюджетке кері қайтарып жүрген фактілер туралы да отандық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Дегенмен де қоғам қаншалықты байбалам салғанымен, жемқорлықтың азаю көрсеткіштері аса байқалып жатқан жоқ. Сірә, бұл кесел іштен кеулеп жегідей жейтін құрттан бетер зиянкес тәрізді сасық нәубет болса керек.

Осы мәселелерді кеңінен қозғап, талқыға салған кеңейтілген жиын өткен аптада аудандық мәдениет үйінде өткен болатын. Оған арнайы ат терлетіп келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Данияров, аталған департаменттің штаб бастығы Р.Төлешов, департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ж.Қаражанов қатысты.

Күн тәртібіне ұсынылған сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықты болдырмау, жолын кесу мен алдын алу және жою мәселесімен жиналысты ашқан аудаан әкімінің орынбасары Н.Әбежан арнайы ат ізін салып келген меймандарға сөз кезегін берді. Әуелі сөз алған Р.Төлешев сыбайлас жемқорлықтың әсерінен қоғамға келіп жатқан елеулі шығындарға сараптама жасады. Қазіргі кезде облыс бойынша мұндай жүйелі жағдаяттар көптеп орын алып отыр екен. Атап айтқанда, Мақат ауданы әкімі орынбасарының пара алып, істі болғанын қалың көпшілік естіп білсе, өзіміздің ауданда да кейбір заң бұзушылықтар болып жатқан көрінеді. Атап айтқанда, өткен жылы мемлекеттік сатып алулар кезінде Аққыстау мектебіне жеткізілуі тиіс мектеп парталары мен құралдар толық көлемде, әрі келісім-шартта көрсетілген сапада жеткізілмей тұрып уақытынан бұрын қаражаты аударылып кеткен. Бүгінгі таңда бұл іске кінәлі тұлғалар анықталып, бюджетке келтірілген шығын толық қайтарылған. Осы және өзге фактілерді келтіре отырып баяндаған Р.Төлешевтің сөзін жалғаған Ж.Қаражанов сыбайласа «жеудің» негізгі себептерін қоғамішілік індетке балады. Өйткені бәріміз ойлап жүргеніміздей, жемқорлыққа бару үшін еңбекақының аздық етуі, күнкөріс деңгейінің төмен болуы, киер киім мен ішер асқа жарымауы аса маңызды себеп болып табылмайды екен. Өйткені ресми мәліметтер мен статистика көрсеткіштері анықтағандай, пара алу мен бюджет қаржысын қымқыру мен жымқыру ісінде көбірек айыпты болатын қатардағы қызметкерлер емес, аса жоғары шенді шенеуніктер екен. Яғни олар ақшаның жетіспеушілігінен және күнкөріс деңгейінің төмен болуынан емес, сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздік санасының қалыптаспауы себебінен осындай деңгейге жетіп отырған жайы бар.

Жалпы соңғы кездері еліміздің аталған мәселе бойынша ұстанып отырған саясаты мен ұстанымы қылмыскерлерді ұстап, жазалау ғана емес, ең әуелгі кезекте оның алдын алу мен болдырмау үшін адам мен қоғамның көзқарасын өзгерту, ел ішінде ол індетке деген жиіркеніш сезімін тудыру болып отыр. Ол тек бір немесе екі жылдың жұмысы емес, бірнеше жылдардың еншісінде болса керек.

Шара соңында сөз алған топ басшысы М.Данияров сыбайласа залал келтіру фактілерінің облысымызда азаймай, керісінше көбейіп отырғанына қынжылыс білдірді. Атап айтқанда, былтыр бірінші тоқсанда 20 жағдай тіркелсе, биылғы жылдың үш айында 30 жағдай орын алған. Сонымен бірге көп жағдайда бюджеттік әкімшілердің қаражатты игеру мақсатымен асығыс шешім қабылдап, яғни тағайындалатын сөгістен қашып орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарлар үшін күні бұрын қаржы аударып жіберетін жағдайлары көп кездеседі екен. Әйтсе де М.Данияров ол үшін қылмыстық жаза алғанша, сөгіс алудың артық екенін баса айтты.

 

 

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521