«Қамқордың» қамқорлығы көп

«Қамқор» қоғамдық қайырымдылық қоры 2000 жылдан демеушілік көмектер есебінен аудан бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына түрлі бағытта көмектер ұйымдастырып, қолдаулар көрсету тұрғысында қызмет етіп келеді.

Ал, ауыл-ауылдарымызда әлеуметтік жағынан көмекке зәру отбасылары аз кездеспейді. Оларға мүмкіндігіміз келгенінше жәрдемдесу, көмек қолын созу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы бағытта қорға кәсіпорын, мекеме ұжымдарынан демеушілік көмектер түсіп келеді. Мәселен, өткен 2018 жылы қайырымдылық қорына 3 миллион 835 мың 816 теңге қаржы жинақталды, оның ішінде, бір күндік еңбекақы есебінен 2 миллион 885 мың 816 теңге, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамынан 950 мың теңге көлемінде демеушілік қаржы түсті.

Осынау көмектерді өз орнымен жұмсау, яғни, нақты қолдауды қажет ететін жандарға жасау да үлкен жауапкершілікті қажет ететін шаруа екендігі де түсінікті болса керек. Ол, жоғарыда айтылғандай, түрлі бағытты қамтиды. Соның бірі ретінде 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесіне орай «№4 Исатай ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» мемлекеттік мекемесіндегі даму мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен 13 балаға, Аққыстау ауылдық округіндегі тағы 9 балаға 440 000 теңге қаржылай көмек көрсетілгенін айтуға болады.

Өткен жылғы Наурыз мейрамы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған қайырымдылық акциясында аз қамтылған, мүгедек, көпбалалы отбасыларына азық-түлік пакетімен көмектесу үшін Аққыстау ауылдық округі бойынша - 18, Тұщықұдық ауылдық округі бойынша - 12, Қамысқала ауылдық округі бойынша - 10, Жанбай ауылдық округі бойынша - 9, Нарын ауылдық округі бойынша - 5, Забурын ауылдық округі бойынша - 6, Исатай ауылдық округі бойынша да 6 отбасына, барлығы 66 отбасына 1 054 095 теңге жұмсалды.

2019 жылдың 1-жартыжылдығына аудан бойынша 50 отбасын облыстық «Атырау», 50 отбасын аудандық «Нарын таңы» газеттеріне тегін жаздыруға 211 002 теңге қаржы бөлінді. Ал, үйде отырып қалған зағип жандарды ортаға тартып, қоғам өміріне араластыру мақсатында, ауданымызда өнер мен спортқа жаны құмар сондай жандарды 13 қараша – Дүниежүзілік зағиптар арасында облыста ұйымдастырылған ән фестивалі мен спорттық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын 3 мүмкіндігі шектеулі жанға қордан 70 мың теңге қаржы қарастырылды.

Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзінің бірі мал болғандықтан жекеменшігінде мал ұстайтын аз қамтылған отбасыларға мал азығын алып беру үшін Аққыстау, Тұщықұдық, Қамысқала, Жанбай, Нарын, Забурын, Исатай ауылдық округтері бойынша 21 отбасына 472 500 теңге қаржыға 26 250 тонна пішенмен «Н.Сабирова» шаруа қожалығы арқылы көмектесіліп, әрбіріне жеткізіліп берілді.

Міне, жоғарыда көрсетілгендей, осындай игі істердің атқарылуы қаражатқа байланысты болып келеді. Олай болса, бір күндік еңбекақы есебінен демеушілік көрсетуде белсенділік танытқан аудандағы мектеп, балабақшалар ұжымдарына және «Ембімұнайгаз», «Атырау Жарық» АҚ-дарына ризашылығымызды білдіре кеткеннің де артығы жоқ деп білеміз.

Алға қарай да осындай әлеуметтік бағыттағы жұмыстарымыз жалғасын таба бермек.

Эльза АҚЖІГІТОВА,

«Қамқор» қоғамдық қайырымдылық қорының төрайымы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521