«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан тұста «AMANAT» партиясы саяси тұғырнамасының жобасын жария етті.

-Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыт келді. Себебі, мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан, еш нәрсеге айырбасталмайтын ұлы құндылық. Мұны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біліп, бағалауы тиіс,-делінді жобаның кіріспесінде.

-Тәуелсіздік – талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың қолына қонған бақыт құсы. Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде. Біз бұған дейін мемлекетіміз қол жеткізген табыстарға қаншалықты үлесімізді қоссақ, жіберілген қателіктер үшін де соншалықты жауапты екенімізді терең түсінеміз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халқымыз. Өткеннен сабақ алып, бүгінімізді бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санаймыз.

Сондай-ақ әрқашан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүрген, түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің тоғысатын, үндесетін алаңына айналған «AMANAT» партиясының әр адамның құқығы мен бостандығын қорғайтыны, ортақ құндылықтармен, ұлттық мүддемен және бір болашақпен біріккен қоғамды қалыптастыратыны, оның мемлекетті алмастырмайтыны, бірақ халықтың сұранысына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсынатыны да саяси тұғырнама жобасының кіріспе бөлімінде нақты айтылды.

«AMANAT» партиясы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады. Біз Асан Қайғының Жерұйығы мен Әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз.

«AMANAT» – халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай іске асыратын партия.

«AMANAT» – қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатып, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жасауды жақтайтын партия.

«AMANAT» – қоғам мен мемлекет игілігі үшін жұмыс істейтін партия.

Біз бейбіт өмірімізді, байтақ жерімізді, тәу еткен Тәуелсіздігімізді қызғыштай қорғаймыз, сақтаймыз, нығайтамыз. Бұл біздің ата-баба аруағы мен келер ұрпақ алдындағы аманатымыз.

«AMANAT» партиясы, ел аманатын арқалай отырып, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын барша азаматтарды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түбегейлі реформаларын қолдауға, Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегіне бірігуге, халық болып, ұлт болып ұйысуға шақырады. 

Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әрбір азаматының құқы, еркі қорғалған, адал еңбегімен, білім-білігімен көздеген асыл мұратына қол жеткізе алатын демократиялық, әділетті әрі бақуатты мемлекет құру.

Біздің міндетіміз – Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мызғымастығын сақтау, қауіпсіздігін күшейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ұлтымыздың рухани болмысын жаңғыртып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін түпкілікті орнықтыру, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру.

Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!»

Міне, жобадағы осынау жолдар партияның алдағы бағыты мен бағдарын айқын көрсетіп отырғанына сөз жоқ деп білеміз.

Жобаның «АДАМ – ҚОҒАМ – МЕМЛЕКЕТ» тарауы «Біз азаматтары дәулетті, қоғамы ашық, мемлекеті мықты Қазақстанды көргіміз келеді. Әділдік пен ізгілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік әрбір қазақстандықтың талассыз таңдауына, өмір сүру қалыбына айналуы тиіс» деп ашық көрсетеді.

«БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – АДАМ» бөлімінде берекелі отбасы, білімді ел, халық саулығы, еңбек - табыстың кілті - еңбек, «АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ» бөлімінде түрлі көзқарас – біртұтас ұлт, ырыс алды – ынтымақ, әлеуметтік әділдік, ұлттың мәйегі - руханият, жастар - ел болашағы, «МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ БІЗ» бөлімінде ұлттық қауіпсіздік, заң және тәртіп, тиімді мемлекеттік басқару, дамыған аймақтар – қуатты экономика, ауыл – ел бесігі, экологиялық саясат тақырыптары қамтылып, осынау өзекті мәселелердегі партияның мақсаты, міндеті, ұсынысы, қызметі жан-жақты баяндалып отыр.

Жария болған жобаның түйіні өзгерістерді өзімізден бастауды басты ұстаным тұтады. Онымен жан-жақты танысып, зерделеу партияның әр мүшесі үшін де керек-ақ.

 

Нұрым МУСИН,

«AMANAT» партиясы

Исатай аудандық филиалының

атқарушы хатшысы.

 

«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ ТҰҒЫРНАМАСЫНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫ

 

Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр.

Осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыт келді. Себебі, мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан, еш нәрсеге айырбасталмайтын ұлы құндылық. Мұны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біліп, бағалауы тиіс.

Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз.

Тәуелсіздік – талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың қолына қонған бақыт құсы.

Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде.

Біз бұған дейін мемлекетіміз қол жеткізген табыстарға қаншалықты үлесімізді қоссақ, жіберілген қателіктер үшін де соншалықты жауапты екенімізді терең түсінеміз. 

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халқымыз. Өткеннен сабақ алып, бүгінімізді бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санаймыз.

***

 «AMANAT» партиясы әрқашан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүр. Біз түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің тоғысатын, үндесетін алаңымыз. Біздің партия әр адамның құқығы мен бостандығын қорғайды. Біздің партия ортақ құндылықтармен, ұлттық мүддемен және бір болашақпен біріккен қоғамды қалыптастырады. Біздің партия мемлекетті алмастырмайды, бірақ халықтың сұранысына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсынады.

«AMANAT» партиясы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады.

Біз Асан Қайғының Жерұйығы мен Әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз.

«AMANAT» – халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай іске асыратын партия.

 «AMANAT» – қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатып, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жасауды жақтайтын партия.

«AMANAT» – қоғам мен мемлекет игілігі үшін жұмыс істейтін партия.

Біз бейбіт өмірімізді, байтақ жерімізді, тәу еткен Тәуелсіздігімізді қызғыштай қорғаймыз, сақтаймыз, нығайтамыз. Бұл біздің ата-баба аруағы мен келер ұрпақ алдындағы Аманатымыз.

«AMANAT» партиясы, ел аманатын арқалай отырып, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын барша азаматтарды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түбегейлі реформаларын қолдауға, Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегіне бірігуге, халық болып, ұлт болып ұйысуға шақырады. 

Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әрбір азаматының құқы, еркі қорғалған, адал еңбегімен, білім-білігімен көздеген асыл мұратына қол жеткізе алатын демократиялық, әділетті әрі бақуатты мемлекет құру.

Біздің міндетіміз – Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мызғымастығын сақтау, қауіпсіздігін күшейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ұлтымыздың рухани болмысын жаңғыртып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін түпкілікті орнықтыру, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру.

Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!

 

АДАМ – ҚОҒАМ – МЕМЛЕКЕТ

 

Біз азаматтары дәулетті, қоғамы ашық, мемлекеті мықты Қазақстанды көргіміз келеді. Әділдік пен ізгілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік әрбір қазақстандықтың талассыз таңдауына, өмір сүру қалыбына айналуы тиіс.

 

 


 

Адамның жақсы болуы тегінде емес,

тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде.

Абай

 

  1. БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – АДАМ

 

Әрбір адам лайықты білім мен медициналық көмек алуға, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, ыңғайлы әлеуметтік орта мен жайлы үйде тұруға құқылы.

Қазақстан азаматы өз елі, өз жерінде алдағы болашағына алаңдамайтындай өмір сүруі керек!

 

БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ

«Отан отбасынан басталады».

Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу, тұлғалық қалыптасу – отбасындағы тәрбие мен тағылымның жемісі.

Демографиялық өсімге, барлық отбасылардың балаларын алаңсыз тәрбиелеп, келешекке сеніммен қарауына лайықты жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі.

Біз отбасы институтының беделін көтеруге күш саламыз.

 

БІЛІМДІ ЕЛ

Білім мен ғылымға салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция.

Біз тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай алатын, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматтарды тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Бұл – зияткер, озық ойлы ұлтты қалыптастырудың негізгі алғышарты.

Мемлекет білім, ғылым саласын дамытуға басымдық беріп, қаржыландыруды ұлғайта береді.

Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік, жоғары білім беру жүйесіне кешенді өзгерістер керек.

Балабақша, жатақхана жетіспеушілігі, үш ауысымдық, апатты мектептер мәселесі қысқа мерзім ішінде шешімін табуы тиіс.

Жас ғалымдардың әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешіп, олардың алаңсыз ғылыммен айналысуына қолайлы жағдай жасау маңызды.

 

ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ

«Бірінші байлық – денсаулық» дейді халқымыз. Денсаулық кез келген мемлекеттің, ұлттың даму деңгейіне өлшем болатын маңызды индикатордың бірі.

Денсаулық, медицина саласында кезек күттірмейтін мәселелер аз емес.

Азаматтардың жоғары стандартты, сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік жасау керек.

Сапалы әрі арзан дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуы шарт.

Заманауи емханалар мен ауруханалар, зертханалар жеткілікті болуы қажет.

Барлық ауылдық жерде амбулаториялық бекеттер, фельдшерлік бөлімшелер ашып, оларды тиісті медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз ету керек.

Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жалғасуы тиіс.

 

ЕҢБЕК – ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ

Жасампаз еңбек қоғамды біріктіруші күшке айналуы тиіс.

Әр адамның еңбек етуге мүмкіндігі болуы қажет, жұмыстан аман-сау қайтып, отбасымен бірге уақыт өткізіп, ертеңіне сенімді болуы керек.

Ол үшін біз жұмыс орнындағы қауіпсіздікті бақылауды күшейтеміз, еңбек құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеміз және кемсітушіліктің барлық түрлерімен күресеміз.

Біз қоғамымыздағы жалақы аздығы мәселесін шешуіміз керек.

Біз жұмыссыздықтың нақты статистикасын жүргізіп, онымен күресетін боламыз.

Еңбек қатынастары жүйесінде «көше заңына» орын болмайды. Біз қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында өркениетті және сындарлы диалог ұйымдастырамыз.

 

 


 

Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды.

Әлихан Бөкейхан

 

ІІ. АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

 

Азаматтық қоғам – еліміздегі заңдылық пен тәртіптің, өркендеудің басты қозғаушы күші.

Қоғамдық ой мен мораль, соған сай іс-әрекет жаңа әлеуметтік қатынастарды, инклюзивті орта мен жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға, әділетсіздік пен заңсыздықтардың, жемқорлықтың алдын алуға, құбылмалы заманда еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тірек болуы тиіс.

 

ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС - БІРТҰТАС ҰЛТ

Халқымызда «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ұлағатты ұстаным бар. Мемлекеттің тұтастығы, елдің татулық, бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі ешкімнің қолжаулығына, ойыншығына айналмауы керек. Бұл – айнымас ақиқат.

Қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер ақыл-парасатпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал.

Қоғамда плюрализм мен пікір еркіндігі, демократиялық қағидалар салтанат құруы тиіс.

Ұлттық ақпараттық кеңістікті сыртқы және ішкі қауіптер мен қауіптерден қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту кезек күттірмейтін міндет.

Қазақстан қоғамы тең құқықтар мен мүмкіндіктердің алаңына айналуы керек.

 

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Қазақстан – әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылған мемлекет.

Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы. Біз жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, еліміздегі ұлтаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге сына қағуға ешқашан жол бермейміз.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІК

Біз әрбір қазақстандықтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасайтын боламыз.

Қазақстанда әлеуметтік әділдік салтанат құратын уақыт жетті. Біз жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар аясында «әлеуметтік ұстанымдағы мемлекет» құру бағытын таңдадық.

Конституциямызда жердің қойнауы, табиғи ресурстар халықтың меншігі деп жазылған. Қазақстанның әрбір азаматы, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі қажет.

Азаматтар өздерінің адал еңбегі, маңдай теріне сай лайықты жалақы, зейнетақы алуға толық құқылы. Көп балалы аналардың, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын, өзге жеңілдіктерді кеңейтетін боламыз. Қыз-келіншектердің, әйелдердің сапалы білім алуын, мемлекеттік және басқа да қызметтерге белсенді араласуын ынталандыратын боламыз.

«AMANAT» партиясы әрқашан әлеуметтік әділдік жағында. Біз әлеуметтік әділдікті заң жүзінде, іс жүзінде қалпына келтіруге үндейміз.

 

РУХАНИЯТ – ҰЛТТЫҢ МӘЙЕГІ

Жаһандану дәуірінде ұлттың өз болмысын, төлтума табиғаты мен дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап отыруы оңай емес. Жаңа уақытпен бірге жаңа буын, жаңа құндылықтар мен жаңа көзқарастар ілесе жүреді.

«AMANAT» партиясы тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды ары қарай да жалғастыра береді.

Бұл – біздің ұлтымыздың, халқымыздың алдындағы перзенттік парызымыз.

Ұлттық өнер және спорт түрлерін кеңінен насихаттап, әлемдік деңгейде танылуына жан-жақты жағдай жасаймыз.

Дәстүрлі музыканы, кино және мультипликация, басқа да өнер түрлерінің жаңа туындылармен толығуына қолдау көрсетеміз.

Қазақ әдебиетінің өркендеуіне барынша қолдау жасаймыз.

Қазақ тарихындағы барлық ақтаңдақтардың бетін ашып, ұлт өміріндегі тағдыршешті кезеңдер мен оқиғаларға тиісті, лайықты баға беретін уақыт жетті.

Тіл – ұлттың жаны.

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады».

Халқымыздың тарихы да, тағдыры да, болашағы да – ана тілінде. Қазақ тілі – мыңдаған жылдық мәдениетіміздің, өркениетіміздің негізі, діңгегі.

Біз Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп санаймыз. Тілді меңгеру – әрбір қазақстандықтың парызы.

Мемлекеттік тіл ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай, Қазақстан қоғамындағы барлық азаматтарды байланыстыратын ерекше факторға айналуы тиіс.

Қазақ тілі білім мен ғылымда, медицина мен әскерде, қаржылық сала мен өнеркәсіпте, ақпарат кеңістігінде өзінің лайықты орнын алуға тиіс.

Біз бұдан әрі де мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, ана тіліміздің мәртебелі және қажетті қатынас құралына айналуына тікелей мүдделіміз.

 

 

ЖАСТАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Ел болашағы – жастардың қолында.

«AMANAT» партиясы мемлекетшіл, білімді де саналы жастарымызға арқа сүйейді. Біздің қатарымызда елімізге, шетелге танымал жас дарындармен қоса, белсенді студент жастар, еріктілер көптеп саналады. Олар өздерінің болашағын туған Отанымен ғана байланыстырады.

Партияның «Жастар рухы» қанаты өндірісте және қызмет көрсету саласында, қала мен ауылда еңбек етіп жүрген қазақстандық жастармен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Біз белсенді азаматтық ұстанымы бар, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын әрқашан қолдаймыз.

Жаңа Қазақстан жастары халқымыздың тарихын, тілін, салт-дәстүрін қастерлей отырып, бүгінгі дәуірдің талабына бейімделген, терең білімді, технологиялық жаңалықтарды еркін меңгерген, көшбасшылық, прагматикалық қасиеттерге ие, ХХI ғасырдың нағыз ұрпақтары болуы керек.


 

Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен,

іштің алауыздығынан аман сақтап қалу –

біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз.

Әбіш Кекілбайұлы

 

ІІІ. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ БІЗ

 

Біз мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтатын ішкі-сыртқы күштердің әрекеттеріне, қолдан жасалған арандатушылықтарға жол бермейміз.

Алдымызда сынақтар аз болмайды. Сондықтан, қазіргі кезең қара басымыздың қамын емес, мемлекеттің, ұлттың келешегі мен қауіпсіздігін ойлайтын уақыт.

 

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы - ел болашағының басты кепілі.

Енді әлем бұрынғыдай болмайды. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінде  бітіспес даулар мен қақтығыстар көбейіп келеді. Жаңа соғыс ошақтары пайда болды.

Қандай жағдай болмасын, Отанымызды қасық қанымыз қалғанша қорғауға міндеттіміз!

Ұлттық армия еліміздің айбынды қорғаны мен қалқаны болуы тиіс.

Сыртқы саясат дипломатиялық құралдар арқылы Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау керек.

 

ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП

Заң бәріне ортақ.

Бүгінгі таңда қоғамның басты талабы елде әділдік пен заң үстемдігін орнатып, жемқорлықпен, сыбайластықпен аяусыз күрес жүргізу болып отыр.

Жең ұшынан жалғасу, непотизм мен рушылдық, олигополияның, криминалдық топтардың жүгенсіздігі жүйелік сипат алғанын ашып айту керек. Соның кесірінен қоғамда әлеуметтік алшақтық пен әділетсіздік етек жайды.

Біз соттың әділдігін, полицияның тазалығын, құзырлы органдардың жауаптылығын қалпына келтіру үшін, осы салада түбегейлі, қатаң реформалардың жүргізілуіне пәрменді ықпал ететін боламыз.

Конституцияда кепілдік берілген адам құқығы қандай жағдайда да қорғалуы тиіс.

«Тура биде туған жоқ» қағидасы судьялардың адалдығының өлшеміне айналуы қажет.

Тұрмыстық және отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайтын орта қалыптастыру қажет.

Біз бірлесіп қоғамда жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруымыз керек.

 

 

ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қазіргі уақытта мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр.

Билік институттары заман талабына сай болуы керек. «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы  сол мақсатқа жетудің баламасыз жолы. Бұдан әрі мемлекеттік басқару жүйесі ашық, түсінікті әрі қоғамдық бақылауда болуы тиіс.

Қазіргі уақытта басқару жүйесін орталықсыздандыру үдерісі басталды. Орталық мемлекеттік органдарды оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы биліктің өкілеттігі кеңейді.

Парламенттің, жергілікті мәслихаттардың мәртебесі мен ықпалы артты, бұдан әрі де арта түспек.

Ескірген бюрократиялық әдіс-тәсілдерден, қағазбастылықтан бас тартып, мемлекеттік қызметті жаңа заман талабына лайықтау керек, цифрлық платформаны жетілдіру қажет.

Мемлекеттік қызметшілер санасындағы протекционистік, әміршіл-әкімшіл көзқарас түбірімен жойылуы керек.

Біздің алдымызда ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоя білетін жаңа мемлекеттік басқарушыларды тәрбиелеу міндеті тұр.

 

ДАМЫҒАН АЙМАҚТАР – ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКА

Еліміздің жаңа экономикалық бағдары экономикалық еркіндік пен ұлттық табысты әділ бөлуді қамтамасыз ететін болады.

Ұлттық экономикалық саясат барлық азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады.

Біз жеке меншікке қол сұқпауды, ашық бәсекелестікті, макроэкономикалық тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық ахуалды, өңірлердің тең дамуын, экономиканы әртараптандыруды, инфрақұрылымдардың кешенді түрде қалыптасуын, инновациялық және цифрлық технологияларға негізделген өндірістің артуын, әртараптандырылған экспортты ынталандыруды қолдаймыз.

Сондай-ақ біз экономиканың тек шикізатқа негізделуіне, олигополиялық жүйенің қалыптасуына, қолдан жасалған монополист компаниялардың күшеюіне, мемлекеттік экономикалық ресурстардың таңдаулы қолдарға үлестірілуіне, рейдерлікке жол бермейміз.

Шағын және орта бизнес экономикалық дамуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық төлеуге, орта тапты қалыптастыруға, әлеуметтік мәселені шешуге үлес қосушы нысан ретінде қашанда қолдауға ие болады.

Қазіргі уақытта жергілікті билік органдары аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелерді шешуге толық мүмкіндік алып отыр.

Ендігі кезекте еліміздегі мыңдаған әкімді ел тұрғындары, өңір жұртшылығы өздері тікелей сайлайтын болады.

Іс жүзінде әкімдер мемлекеттік заңнамананың орындалуын қадағалаушы, республикалық бюджеттен келетін субсидиялардың дұрыс пайдалануын үйлестіруші әкімгерге айналады.

Халықаралық, республикалық маңызы бар жол тораптарын салып, күрделі жөндеуден өткізу арқылы аймақаралық логистика мәселесін түбегейлі шешу қажет. Ауданаралық және ауыл жолдарының сапасын ретке келтіру маңызды.

Экономиканың, еңбек нарығының дамуы үшін ішкі миграциялық үрдістерді реттеген жөн. Соның ішінде, еңбек күші жетіспейтін өңірлерге халықты шоғырландыру жұмысы тоқтамауы керек. Қандастарымызды қазақстандық қоғамға әлеуметтендіру жұмысы қолға алынатын болады.

 

АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ

Ауыл – Алаштың алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының күретамырының бірі. Ауыл шаруашылығындағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

 «AMANAT» партиясы ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше басымдық беруді мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірегейі деп санайды.

Жер иесі – ауыл адамына мемлекет тарапынан берілетін көмек пен жеңілдіктер аясы кеңейтілуі керек.

«Жер аманаты» жобасы аясында заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер, жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.

Ауыл тұрғындарының табысын, біліктілігін арттыру, жаңа кадрларды даярлау «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асатын болады.

Барлық ауылдардың инфрақұрылымын жаңартып, жол, ауыз су, байланыс мәселелерін түбегейлі шешу кезек күттірмейтін шаруа.

Ауылдардағы әлеуметтік нысандар – мектептер мен медициналық пункттер, мәдениет ошақтары жаппай күрделі жөндеуден өткізіліп жаңғыртылуы керек.

Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты барынша азайту керек.

 

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САЯСАТ

Өркениетті әлем елдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көшті. Біз де қоршаған ортаны сақтау үшін әлемдік экологиялық жоғары стандарттарды экономиканың барлық салаларына енгіземіз.

Қазақстан халқы мен келешек ұрпақ табиғи өнім, саф ауа, таза ауыз су тұтыну үшін экологиялық сана мен мәдениетті тәрбиелеуді бүгіннен бастаймыз.

Экологиялық саясаттың түпкі мақсатының бірі «жасыл экономиканы» қалыптастыру. Оның аясында қалалардың даму жоспарында «жасыл қала» концепциясын қолдану, баламалы энергетика көздеріне эволюциялық түрде көшу, алыс болашақта көміртегінен арылу міндеті қолға алынады.

Табиғи ресурстарды, өзен-көлдерді үнемді пайдалану, жануарлар әлемін, табиғи парктерді, экожүйені сақтау және қорғау – біз үшін негізгі басымдықтың бірі.

ӨЗГЕРІСТЕР БІЗДЕН БАСТАЛАДЫ!

 

«AMANAT» партиясы – еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы. Билік пен қоғам арасындағы алтын көпір.

«AMANAT» партиясы – өзгерістер жаршысы!

Біздің бағдарламамыз жетілдірілді. Партияның жаңа, жас буын кадрлары ел ісіне белсенді араласа бастады.

Біз партияның өз ішіндегі жұмыс сипаты мен тәсілдерін жаңартамыз.

Біз азаматтық қоғаммен, атқарушы, заң шығарушы органдармен байланысты жаңа жолға қоямыз.

Жаңа саяси мәдениет қалыптастырамыз.

Барлық тәжірибеміз бен қабілетімізді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған түбегейлі реформаларды табысты іске асыруға бағыттаймыз. Ертеңгі болашаққа нық сеніммен қадам басамыз.

Әділетті, жаңа Қазақстанды рухы асқақ, бірлігі бекем, мақсаты айқын халқымызбен бірге құрамыз!

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521