Зейнеткерлікке шыққалы бері көрген-білгенім аз емес деп ойлаймын.
Денсаулық, тыныштық, қарап отырмай, үй шаруаларын жасау, ең кереметі бірлік пен татулық таптырмайтын байлық екенін түсіндім. «Тәубе, менде осылардың барлығы бар» деп айта аламын. Мемлекет басшысының бүгінгі саясатын Отанымыздың тұрақты дамуының кепілі деп түсінемін. Соның нәтижесінде біз, зейнеткерлер ел қатарлы өмір сүріп келеміз.
Елдегі жағдайларға байланысты мемлекет тарапынан да, жекелеген азаматтардың демеушілігімен де көптеген қайырымдылық шараларының куәсі болып жатырмыз. Үйде бір жылға жуық жұмыссыз отырған інім Танаш Құлышевке елдегі төтенше жағдайға байланысты тиісті жәрдемақыны алуына жәрдемдескен Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Әнуарбекқызына ризашылығымды білдіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, осы сәтті пайдаланып, «Қамысқала» мешітінің жаңа бас имамы Қанайбек Салиевке де алғыс айта кетсем деймін. Жақында ол жамағатын жұмылдырып жасаған қайырыдылығынан бізді де қалыс қалдырмай, азық-түлік ұсынды. Осындай қайырымдылық көрсеткен Әсет Саматұлы мен оның жарына, биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толғалы отырған ауылымыздың 1983 туған азаматтарына да разымыз. Оларға: «Отбасыларыңыз аман болып, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын» дегім келеді.
"Қасиетті Рамазан айында жасаған жақсылықтар еселенеді" деген сөз бар. Бізге ғана емес, көмекке мұқтаж жандардың баршасына қол ұшын созып, қайырымдылық жасап жатқан азаматтарға адамнан алғыс, Алладан сауап жаусын.
Баян ЖҰМАТОВА,
Х.Ерғалиев ауылы