Ана болуға да дайындық керек

Тұщықұдық ауылында 5 мың жарым шамасында халық болса, оның 49 пайызы әйел адамдар екен. Олардың ішінде 102 алтын алқа, 77 күміс алқа иегерлері бар.

Аталмыш ауылдағы қыз-келіншектердің белсенділігі де жоғары деңгейде. Оған мысал - бұндағы 300-ден астам кәсіпкердің 35 пайызы нәзік жандылар. Ауылдық мәдениет үйінде өткен «Дені сау анадан – дені сау бала» атты аудандық семинарды сөз сөйлеп ашқан ауыл әкімі М.Өтеғалиев өңірдегі ақ жаулықтылардың қай салада да атқарып жатқан қажырлы еңбектерін атап өтті. «Бала көтеру жасындағы аналармен жұмыс және есепке алу іс-тәжірибесі» тақырыбында хабарлама жасаған Чапаев дәрігерлік амбулаториясының акушері Қ.Сейітқазиева «Салиқалы ұрпақ тәрбиелейтін ана болу үшін алдымен не қажет?» деген сауалға жауап іздеді.

– Дені сау анадан дені сау бала дүниеге келуі үшін, ең алдымен, әйел өзін ана болуға жоспарлы түрде дайындауы қажет. Жылына бір рет дәрігерлік тексеруден өту, денсаулық ақаулығына байланысты уақытында ем қабылдау, бала денсаулығына жіті көңіл бөлу – анаға қойылатын басты талап, - дейді маман. – Бір қиыны ауданымызда маман дәрігерлер соның ішінде гинеколог маман жетіспейді. Жүкті ана талапқа сәйкес узи, гинетик дәрігердің тексерісі, т.б. мамандардың қабылдауында болуы тиіс. Кейбір аналар қаржы жағдайына байланысты бұл тексерістерден өте алмай жатады, - дейді дәрігер.

Сондай-ақ ол ауыл дәрігерлері жүкті аналарды толғағы басталысымен облыс орталығына жеткізетіндігін айтады. Жолдың қиындығы тағы бар. Тіпті, қалаға жете алмай, орта жолда босану фактілері де кездесіпті. Әзірге бәрі сәтті аяқталған. Алайда бұл - көпті алаңдатып отырған мәселе. Осындай қиындықтарды көрген жас мамандардың жұмысқа келуден қашқақтайтынын айтқан Қ.Сейітқазиева алдағы уақытта осы сынды мәселелер оң шешімін тапса деген ойын жеткізді. Одан әрі Чапаев дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Д.Салихова «Бір жасқа дейінгі балалар аурушаңдығы, оның алдын алу жолдары» тақырыбында хабарлама жасады. Ал, Айбас ауылы фельдшерлік пунктінің дәрігері А.Қайыржанова алыс мал жайылым өңірлерінде тұратын малшы, бақташылар денсаулығын жақсарту шаралары жайында баяндаса, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Б.Қайырлиева кеңестің жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысына тоқталды. Шара сергіту сағаты, ауылдық мәдениет үйі ұжымы мен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп дайындаған сахналық көріністер, ауыл өнерпаздарының сазды бағдарламасына жалғасты. Семинарды аудандық аналар кеңесінің төрайымы С.Беркалиева қорытындылады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521