Ана болу

Ана – әрбір адамның өміріндегі ең жақыны, жанашыры және қамқоршысы. Ана болу бақытын сезіну әр әйелдің арманы десек қателеспейміз. Ендеше, сол сезімге нені жатқыза аламыз? Әрине, оны сөзбен жеткізу оңай емес, бірақ ана болудың бірнеше түсініктемесін ұсынамыз.

Ана болу – бұл ата-анаңның қадірін түсіну. Әрине, ата-ана қадірін одан сәл алыстағанда, мысалы, студент болып оқуға түскенде де түсініп жатамыз. Ол кезде анаңның тамағына ештеңе жетпейтіндігін, оның қамқорын іздеп, сағынамыз. Алайда, ата-ана атанған жас отбасының балалы болғанда ең бірінші ойларына келетіні «бізді әке-шешеміз осылай жақсы көреді екен ғой» деп шын сезіне алады. Себебі, былай күндері әке-шешеміздің бізді жақсы көретінін білсек те, естісек те, өз балаларымыз болмай, оны шын сезіне алмайды екенбіз. Ол сөзбен жеткізетін сезім емес.

Ана болу – бұл жарыңды одан әрі сүю. Бала ерлі-зайыптылар қатынасын берік ете түсіреді. Балаңнан күйеуіңнің қандай да бір ұқсастығын (ол түрі не мінезі болуы мүмкін) көргенде, сол қылығына риза болып, күйеуіңді бұрынғыдан да қатты жақсы көре бастайсың. Сонымен қатар, оның балаға деген сезімін, оны ойнатқанын көргенде, жарыңды бұрынғыдан да сыйлай түсесің.

Ана болу – өмірдің мәні бала екендігін түсіну. Күнделікті өмірде «ақша – қолдың кірі» екендігін білсек те, көп шаруамыз соған тіреліп, өмірге қанағаттанбай, ашуланып жататын уақыттар көп кездеседі. Сондай шаршап келген күндері алдыңнан бала күлімдеп, жүгіріп шыққанда немесе сәл ауырып қалғанда, өмірде баланың саулығы мен күлімдеген жүзінен артық ештеңе жоқ екенін шын сезіне аласыз.

Ана болу – баланың бірінші әрекеті жайлы басқаларға тоқтамастан айту. Баланың ең бірінші қылықтарына бақытты бола түсіп, оны біреуге айтқыңыз келіп тұрады. Баланың алғашқы тісі, ең бірінші қадамы, бірінші айтқан сөзі және жетістіктері ата-ананы қуантып, оларға күш сыйлайды.

Ана болу – бұл бірден бірнеше істі алып жүру. Ұйықтап жата беруді ұмытып, тамақ пісіру, үй жинау, балаға қарау, оны тамақтандыру, далаға шығарып ойнатып келу және басқа да істерді жасап үлгеруді үйренесіз. Өзіңіздің бұрынғы кей әуестеріңізді ұмытып, оның орнына автоматты түрде бала тәрбиесіне көп мән бере бастайсыз. Ана болу – ол өз бетіңізше шешім қабылдай алу. Ана мен бала арасында ешқандай ғылым түсіндіре алмайтын тығыз байланыс бар. Баласына ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін әке-шешесінен артық ешкім біле алмайды. Әрине, үлкендердің кеңестерін әр әйел байыппен тыңдап, баласына қажет дегенін қуана қабылдай білу керек. Себебі, бала тәрбиесінде тәжірибе үлкен рөл атқарады. Қай істің болмасын бастапқы кезеңінде ешкімге оңай соқпайды. Ана болумен қатар, балаға деген үлкен жауапкершілік те қатар келеді. Сондықтан, кез келген жағдайда, дүрлікпей, әкесі мен анасы дұрыс шешім қабылдай білуі керек.

Ана болу – сабырлылық пен мықтылыққа үйрену. Баланың келуімен өміріңіз де көптеген өзгерістер болады. Қарапайым далаға шығу үшін жылап, шулап, жарты сағат киініп, он-ақ минут жүріп келу немесе шаруамен шыққанда, баламен арпалысып, керек затыңызды ұмытып кету секілді жағдайлар болып тұрады. Сондай кезде бірден ашуға салынбай, өзіңізді сабырлыққа шақырып үйренесіз. Өмірде көптеген қиындық пен кедергі кездесіп жатады. Ана атанған соң, қыз кезіңіздегі еркелікке салынып, жылап отыра бере алмайсыз. Сіз балаңыз үшін мықты болуға тырысасыз. Жасыратыны жоқ, ана болумен қатар бұрын ойламаған қиындықтарға тап болуыңыз мүмкін. Алайда, баланың келуімен өміріңіз тек қиындықтар мен уайымнан тұрады деген сөз емес. Сол қиындықтардан бірнеше есе көп бақыт бірге келеді. Жаныңыздағы кез келген уайымды баланың бір ғана күлімдегені ұмыттырып жібере алады. Әр әйелге ана болу бақытын тілейміз!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521