...Бұрынғы үлкендеріміз «маңдайыңа жазғаннан қашып құтыла алмайсың» деп отыратын. Тағдыр дейтініміз де сол болуы керек, қарағым. Әркімнің сол тағдыры әрқалай түзілетіні шындық.
Оны осы сексен төрт дейтін жасыма жеткенімше көп көріп келемін... Екеуміз аман-сау алысып, әңгімеге кіріскелі бергі жарты сағат бойына оқтын-оқтын кідіріп, айтпағын жалғастырып әкетіп отырған Кәки аға сөзінің соңын осылай түйіндеп барып тоқтады. Сөйтті де, еңсесін езген ауыр ойдан арыла алмаған қалпы үнсіз қалды. Сөзін сабақтар деп күткем, ол үмітім ақтала қоймады. Бір ауылда тұрғасын әрі жазу-сызудың айналасында болғасын оқта-текте жүздесіп, арасында әңгіме-дүкен құрып жүргенімізбен, тап осылай шешіле сыр шерткенін көрмеппін. Сексеннен асса да жеңіл көлігін өзі жүргізіп, той-топырда пысықтау сөйлеп, пысықтау жүріп-тұратын еңбегімен елге сыйлы ауданның Құрметті азаматы Кәкеңнің - Кәки Сапаровтың тағдыр артқан жүгі тым салмақтылау болып кезіккенін әшейінде елей бермейді екенбіз. Үнсіздік біразға созылып кетті. Оның маналы бергі айтқанынан ойға тұтып қалғанымды іштей тағы таразылай түстім. Айтуынша, әкесі екі ағайынды болулы. 1942 жылы майданға аттанған екеуі де содан оралмаған. 28 жасында жесір атанған ананың үш перзентінің үлкені Кәки 8-де, Қарасайы 4-те, Ағзиясы бесікте қалыпты. Соғыстың зардабын бұлардың отбасы да көппен бірдей көріп баққан. Әсіресе, жас балалар мен жесір аналарға қатты батқанын ұмыта алмайтынын айтады аға. Соның салқыны болар, Сәбила ана 44 жасында өмірден өтулі. Ал анасының соңғы аманаты әлі күнге жадында жүрген Кәкең оны адал орындаған жары Охизаға (суретте) бек риза екен. Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда (өз сөзі) ұрпақтарына, жалпы кейінгі жасқа үлгі болсын деді ме, менімен жүздескісі келгенде ойға алғаны да осы бір жайт көрінеді.
-Мен үш жылдық Отан қорғау борышымды абыройлы атқарып, 1957 жылы ауылға оралдым,-деді үзілген әңгімесін жалғаған қарт. –Мамам рак деген сырқатпен ауырып жүр екен. Дәрігерлерге, түрлі қазақ емшілеріне қараттым, қайран болмады. Сырқаты меңдей берді. Армиядан келген бойымда жұмысқа шығып кеткен мен Охиза атты қызбен танысып жүргем. Оның сол жылы 10 класты бітірген кезі. Мамам болса төсек тартып жатып қалды, жағдайымыз ауырлады. Інім Қарасай Шымкентте оқиды, оған хабар жіберейін десем «оқуынан қалып қояды» деп мамам рұқсат етпеді. Дерті әбден меңдеген мамам бір күні әрең-әрең сөйлеп: «Балам, сөйлесіп жүрген кісің жоқ па? Егер бар болса, маған алып кел-дағы» дегенінде не дерге білмей отырып қалдым. Үндемегенімнен дәмеленді ме, көңілі сәл жадырағандай болып, маған әлсіз қолын созғанда өксіп жылап жіберіппін. Ол кісі сәлден соң қайта сөйлей бастады: «Қарағым, балам, менің өмірімдегі бар арманым сендердің қуаныштарыңды көру емес пе? Қазір сенің сүйген қызыңды көріп, маңдайынан бір иіскеп, ақ батамды беріп кетсем, сол үлкен арманымның орындалғаны болар еді-дағы» деп бір тыныс алды. Маған көңілі жадырап сала бергендей көрінді сонда. Ағаның бұдан әрі ара-тұра үзіліс жасай отырып баяндауынша, Охиза екеуі соған дейін сөз байласып қойса керек. Төсекке таңылып, ажалын күтіп жатқан ана өтінішін естіген бойжеткен жігітімен бірге қиналып, ағыл-тегіл жылайды. Кешікпей қасына бір дос құрбысын ерте келіп, ананың ақ батасын алып, өсиет сөздерін тыңдаған ол сол үйден көзі жұмылғалы жатса да артын ойлап алаңдаған қайран ананың шаңырақты шайқалтпауды, отты өшірмеуді, ұрпағына қамқор болуды тапсырған өмірлік аманатын арқалап шығады. Бұл 1958 жылдың нау-рыз айының іші екен.
-Соның ертесіне, түс ауа, мамам бақилық болды. Бізге бәріне көніп, жетімдіктің зардабын тарта түсуге тура келді. Мамамның жеті күндік қадесі өткен күні түс қайта жанашыр ағайындар мені қайын жұртқа аттандырып, тірліктің қамын қылды. Өйткені үй қаңырап қалды, жағдай солай істеуге мәжбүрледі,-деді кейіпкеріміз ауыр күрсініп. Осылайша, ана аманатын орындауды ардың ісі санаған Охиза қанды соғыстың бір құрбаны Сапар шаңырағына келін болып түседі. Алдында үлкен қиындықтар күтіп тұр еді. Жөн сілтеп, бағыт беретін ене жоқ. Алайда, ана аманатын орындауды адал көңілімен қалаған ол өзін-өзі келіндікке тәрбиеледі, үйдегі ағайынды үшеудің қамқоры да өзі болды, жыртығын жамады, жоғын бар қылуға тырысып бақты. Сол жылы ғой, үй салу үшін қайын сіңлісі Ақзия екеуі саз балшықтан бес мың тас та басқан, оның бейнетін тас басқандар немесе көргендер ғана біледі. Кейін совхоздың жұмысына шыққанда да бала тәрбиесі, үйдің таусылмайтын тірлігі, бәрі-бәрі өзінің мойнында болды. Әуелгіде тракторшы, кейін трактор бригадасының бригадирі болған ері таңның атысы, күннің батысы, тіпті апталап үй көрместен шаруада жүретін. Тоғыз құрсақ көтерді, үшеуін жерге берді, басқасы өсіп-өнді, оның да бейнетінің біразын өзі арқалады... -Екеуміздің шаңырақ көтергенімізге алпыс жылдың үстіне шығып барады. Мен 84-темін, Охиза 81-де. Немере-жиен, шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әжеміз. Қазір соның бәріне себепші анамның сол бір ақ батасы, оның соңғы аманатын орындай білген, бүгінде соған өзі де риза болып жүрген жарымның жақсылығы деп білемін. Біздің бақытымыз солай баян тапты, ол әркімнің өзіне байланысты екен. Осыны бүгінгі жас ескере жүрсе деймін,-деген әңгімесінің соңында Кәки қарт. Иә, бұдан алпыс жыл бұрынғы ананың соңғы аманаты. Оның осылай орындалғанына іштей сүйсіне отырып, шаңырақтың шырайы болар бүгінгінің келіндері де жадына ұстай жүрсе деген оймен қолға қалам алып едім.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР