Қандай қылмыс та жазасыз қалмайды

Қазіргі таңда көптеп кездесетін қылмыстардың бірі – осы ұрлық. 

Қай заманда болмасын ұрлық санатындағы қылмыстар болған және бола беретіні де жасырын емес. Себебі, маңдай термен қиналып тапқан дүние мүліктен гөрі ұрлық жасағысы келген адамға жымқырған әлдеқайда оңай көрінері шындық.

Сондықтан да ұрлыққа баратындардың көбі дерлік жұмыссыздар, маскүнемдер немесе келесі бір доза алу үшін ақша керек болғанда баратын нашақорлар екенін бәріміз де білеміз. Сондай-ақ, қазіргі таңда ұрлық жасаушылардың ішінде әйел адамдар мен жастарымыздың, соның ішінде, тіпті, мектеп жасындағылардың көбейіп отырғандығын да көруге болады. Атам заманнан бері белгілі адамдар материалдық құндылықтар үшін күресіп келе жатыр, десек те қазіргі аумалы-төкпелі заманда ұрлық жасау тіптен азаймай отыр. Ол да түсінікті, қазіргі таңда дүние-мүліктің, неше түрлі құнды да, бағалы заттардың бас айналдыруы ұрылардың сұғанақ қолдары мен көздерін тұмшалары хақ. Алайда, сол жастарымызға, соның ішінде мектеп оқушыларына осы мақаланың жариялануын пайдалана отырып ұрлық жасамаңдар деп айтар едім, өйткені оның соңы жақсылыққа алып бармайтыны белгілі.

Осы негізде аудандық сотта өткен жылдың он екі айында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша 14 адамға қатысты 13 кылмыстық іс түсіп, 7 адамға 7 іс бойынша бас бостандығын шектеу жазасы, 1 адамға қатысты 1 іс бойынша қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданыла отырып, барлығы 8 айыптау үкімі шығарылды, 3 іс медиация қолданумен, ал 3 іс жәбірленушілермен татуласуына байланысты өндірістен қысқарған. Барлық сотталушылар заңды, әділ жазаларын алған.

Осы жылдың есептік мерзімі ішінде қылмыстық істерді қарау барысында соттардың тарапынан заң бұзушылықтар орын алмаған. Әрбір азамат өзінің Конституциялық құқығын қорғауға міндетті, қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік елу мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Дана халқымызда «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөз бар. Сондықтан да қорытындылай келгенде айтарым, қандай да қылмыс болған жерде ерте болсын, кеш болсын бір жазаның болатынын естен шығармағанымы абзал.

Есбол АБДРАМАНОВ,

аудандық соттың судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521