Пәтер жалдау да тәп-тәуір бизнес.
Өзінен артылған 1-2 бөлмелі құжырасын үйсіздерге жалға беріп, пайда көріп отырғандар бар. Әрине, артылса пұл қылып, пайдаға асырған да кінә болмас. Дегенмен, обал мен сауапты ұмытып, тек пайданы ғана мақсат етіп, пәтерақыны шарықтатып қоятындарға бүгінде салық органдары да, жергілікті билік те дәрменсіздік танытып келеді. Өйткені, үй жалдаушылардың көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, сол үшін де пәтер жалдаушы мен екі арада жалға беру мен алу келісім шартын жасаспайды. Тапқан табысынан мемлекетке салық төлемейді.
Бүгінде Атырау қаласының ішінен ескілеу пәтер жалдау 60 мың теңгенің төңірегінде болса, орталықтан, жаңалау үйлерден жалдау 100 мыңнан басталып, 200 мыңға дейін жетеді. Бұрындары ауыл-елде, аудан орталықтарында пәтер жалдау арзан деп жұмысы қаладағылар ауылда тұрып, екі ортаға қатынаушы еді. Қазір ауылың да қаладан қалыспай тұрғандай. Өйткені, аудан орталығы Аққыстау ауылынан пәтер жалдау бүгінде 40 мыңнан басталып, 60-70 мың теңгеге дейін жетті. Алда-жалда 25-35 мыңға кездесе қалса - мұны сізге бұйырған бақыт деп есептеңіз. Дегенмен ол бақыт та баянды болуы екіталай болар. Өйткені, арзанның құны татымайтынындай, арзан үйлер әдетте ескі-құсқы, шет жақтағы біреудің қалдығы болғандықтан бала оқыту үшін және бәлкім екі қолға бір күрек те табылып қалар деп көрші ауылдардан келетіндер лажсыздан жалдайды.
Бірді айтып, бірге кетпейік, сонымен Аққыстауда үй жалдау неге қымбат? Соншалықты халық бай тұра ма? Бәрі бірдей ақшалы ма? Қалтасы қалың адам онсыз да жер алып, үй салып алмай ма? Ал, қалтасы тесік, бірде жұмысы бар, бірде қысқартуға ұшырап жүрген қарапайым халық қайтпек сонда?
Инстаграмдағы жарнама парақшасын ашсаң, арзанға үй жалдаймын деген хабарландырудан көз сүрінеді. Десе де, сұранысқа ұсыныс ойдағыдай болмай тұр. Тиісінше үйді жалға берушілер аспандағы айды сұрап тұр. «Мұнайшы» шағын ауданындағы көпқатарлы үйлердің жалдау құны тіпті қымбат. Пайда табу да керек, әрине. Дегенмен жалға алушының да жағдайын ойлап, қолжетімді баға қойып, барға қанағат, жоққа сабыр етіп үйренген дұрыс-ау. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Аслан МҰРАТҰЛЫ