Әріптесіміз Серікбол - жыр мүшәйрасының жеңімпазы

«Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы, "Әлібек" ақындар алаңының әлеуметтік желіде ұйымдастырған онлайн-мүшәйрасы қорытындыланды.

Ай жарымға созылған республикалық жыр мүшәйрасына әр өңірден 20-дан аса ақын қатысыпты. Додаға комиссия төрағасы болып ақылдастар алқасының басшысы, ел ағасы Бақтыбек Таубаев бекітіліп, «Әкелер» алаңының төрағасы Мәлік Мақсотұлы, ақын-композитор Ерғали Тапанұлы, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Көкжал» батырлар алаңының төрағасы Орақ Кенжеғалиев, «Ғасырлар сыры» алаңының төрағасы Серік Сапанов, Қауымдастық президенті Нұрберген Дәулетов, комиссия хатшысы Арман Жайықбаев, тағы басқа «Елсана» азаматтары қазылық етті.

Нәтижесінде ІІІ орын қызылқоғалық жас ақын Айбат Теміржанға, ІІ орын исатайлық Ақтілек Абайқызына, І орын Қызылқоға ауданының тумасы Нұрислам Құспанғалиға, бас жүлде Исатай ауданының ақыны, жерлесіміз, һәм әріптесіміз - аудандық «Нарын таңы» газетінің тілшісі Серікбол Панабердиевке бұйырды. Жүлдегер ақындар арнайы диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

- Әлеуметтік желіден жазба ақындар мүшәйрасы болады дегенді естіп, патриоттық бағыттағы жыр додасына сай келетін туынды жазу барысында біраз толғаныста жүрдім. Белгілі бір тақырыпқа арнай салатын қарапайым мақтау жырларды ұната бермеймін. Оның үстіне өлең жалаң ұйқас пен ойсыз тіркестерден тұрмағаны жақсы ғой. Сөйтіп, «Кезінде бабам батыр болған!» деп төсін ұрса да түк бітірмей жүрген, керісінше, тілін, дінін, ұятын қорғай алмай қор болған бүгінгінің «батырларына» деген ішкі қыжылымды қағаз бетіне түсіріп, оған «Батырмыз ғой» деген тақырып қойдым. Алғашқы сыншыларыма оқып бергем, оларға ұнады. Қазылар да жоғары бағалапты, қуаныштымын,- дейді Серікбол ініміз.

Сондай-ақ ол қауымдастыққа да ризашылығын білдіріп, олардың ұлт рухын оятудағы еңбектеріне жеміс тіледі.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT