Қарты бар елдің – қазынасы бар

Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы республикалық орталық кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев өткен аптада Тұщықұдық ауылында болды.

Алдымен ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, округ жанындағы бастауыш ауылдық ардагерлер кеңесі ұйымының жұмыстарымен танысып, жергілікті ардагерлермен де кездесті. Бұл басқосуда ол ардагерлердің қоғамда атқаратын рөлін әңгімелеп, сонымен бірге республикалық орталық кеңестің бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстарын, ардагерлер ұйымының жас ұрпақты тәрбиелеуде алатын орнының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол қазіргі дүниежүзілік жаһандану үдерісі жүріп жатқанда ата-бабамыздың салт-дәстүрін,тілін, дінін, ділін, мәдениетін, тарихын көзіміздің қарашығындай сақтауға шақырып, жастарымызға дүниедегі озық техниканы меңгеріп, болашақта жақсы маманболып қалыптасу қажеттігін баса айтты.

Бұдан әрі елдің әлеуметтік дамуына тоқталған ол Елбасы ұсынған соңғы бірқатар маңызды саяси шараларға тоқталды. – Қазақстанды қуатты елге айналдыруға бағытталған ізгі оқиғалардың ішінде Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің маңызы зор. Үндеуде әрбір отбасына баспана беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ аймақтарды газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған. Яғни, бес әлеуметтік бастама - қазақстандықтардың әл-ауқатын ары қарай жақсарта түсуге бағытталған маңызды құжат, – деді ол. Одан әрі Тұщықұдық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы К.Каюмоваға өзінің «Бата дарып, бақ қонсын» атты кітабын ұсынды. Шара соңында округ әкімі М.Өтеғалиев әсерлі әңгімесі үшін қадірлі меймандарға алғысын білдіріп, «Әжелер» ансамблі әсем әндерін арнады.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521