Қарыз болудан құтқаратын дұғаны білесіз бе?

Бүгінде қарыз сөзін жиі естиміз. Әйтеуір, біреу біреуге, біреу бізге қарыз болған дәуірдеміз.

Жалпы, қарыз шама келгенше ашатын есік емес. Лұқпан әкім бабамыздың «Дүниеде ең ауыр жүктер көтердім, бірақ біреуге қарыз болудан артық жүк жоқ екен» деген сөзі осыны дәлелдегендей. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз өзіне және үмбетіне біреуге қарыз болып қалудан, дұшпанға тәуелді болудан және әбиірсіз қалудан Алладан: «Аллаһума инни ағузу бикә минәл мә-сам уәл мағрам» деп көп пана сұраған. Сонда бір сахаба «Осы қарыз болып қалудан неліктен көп пана сұрайсыз?» деп сұрағанда, «Адам қарызға батып қалса, онда ол өтірік сөйлейді. Уәде берсе, уәдесінде тұрмайды» дегені бар. Ал, бұл екі белгі екіжүзділікті көрсетеді.

Шынайы бақыттылық өмірінде қарыз болмау, күпірлік қылмау, біреуге қиянат етпеуді қамтиды. Ғұламалар «Қарыздан абай болыңдар, оның басы - уайым, аяғы - жанжал» деп ескертеді. Қарыз есігін ашқан адамға кедейліктің есігі қоса ашылғандай. Құрандағы ең ұзын аяттардың бірі қарыз мәселесін ақтарады. Қарыз алудың қиындығы сонша болса, қарыз берудің де сауабы сонша. Хадисте қарыз беру садақадан артық делінеді. Себебі, садақа алушы сол дүниеге мұқтаж болмауы да мүмкін. Ал, қарыз сұраушы нақты мұқтаж адам. Міне, сол қажеттілікті пайызсыз, өсімсіз өтеген адамға Алла Тағала мол сауап жазады.

Ер адамның қарыз алып, оны уақтысында өтемей қашып жүруі, оның өліміне баланған. Дұғасының қабыл болмау себебі де осыдан делінеді. Ибн Омардың (р.ғ) ұлы Абдулланың «Күнәң аз болса, жән тәсілімің жеңіл болады. Қарызың аз болса, еркін өмір сүресің» дегені бар. Сондығынан болар, елде «Дертің болса да, қарызың болмасын» деген ұлағат бар. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Бір адам Алла жолына жанын пида етсе, жәннетке кіреді ме?» деп сұрайды. «Әлбетте» деп жауап береді. Сәл уақыт өтісімен, әлгі адамға қайырылып, «Бағана не деп сұрадыңыз?» дейді. Сахаба сұрағын қайталайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтадан «Иә» дейді де, «Егер қарызы болмаса» деген сөзді қосады.

Бұл дегеніміз, адамға он рет өмір беріліп, он рет Алла жолында шахид болса да, ауызы ораза, пешенесі сәжде де болса да, жәннетке енуіне өтелмеген қарыздары кедергі.

Нұрлан қажы Байжігітұлы,

дінтанушы имам

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521