Асабалар аузына келгенді айта бере ме?

«Айтылып та, жазылып та жауыр бола бастаған бұл тақырыпты қайталай бергеннен не шығады?» деуіңіз де мүмкін.

«Сыртынан қарағанда бәрі бір сарында өтіп жатқан тойларды сынап не табасыз? Көпшілік болған жерде, кемшілік те болады ғой» дейтіндер де бар шығар. Бірден айтайық, көптен көкейде жүрген бұл мәселені жазғандағы мақсатымыз бар жиғанын шаттығына шашып үйренген халқымызға «әлен-бәлен» деп ақыл айту емес, тойлардың өту деңгейі, солардың тізгінін ұстайтын асабалар жайын сөз ету еді. Сырт пішіні келісті келген бір жігіт мейрамхананың қонақ күту залында ары-бері ойқастап жүр. Бұл - осы тойдың асабасы. Елдің екі көзі осы жігітте. Біз де тыңдап отырмыз. Не айтар екен? Сөзін екінің бірі қолданып, әбден таптаурын болған үйреншікті әңгімелермен бастаған әлгі асаба да «көшірмелердің» бірі болып шықты. Шығармашылық жұмыстан гөрі әркімнің сценариінен ұрлап-жырлап табыс табатын бұндай жігіттердің жаттағаны мен сол жерде саптағанын айырып алу өте оңай. Қыз ұзату тойының түндігін ашқан асабамыз әңгімесін ә дегеннен халыққа «қатаң ескерту» жасап бастады. «Қыздарыңыз оқыған-тоқыған, оң-солын таныған адам ғой. Тілек кезегінде ақыл айтып жатудың қажеті жоқ. Құттықтаңыз, болды. Жаңа сөйлескенімде өзі де: «Мен кішкентай қыз емеспін. Ақылым өзіме жетеді. Так что, маған ешкім ақыл айтпасын» деген болатын. Сондықтан, көп созбақтамай, тілегімізді ықшамдап жеткізейік» деді әлгі жігіт. Иә, тойда бір әулеттің тұтас тарихын тарқатып, ұзақ сөйлеп тұрып алатындар бар. Оны ескертуі де дұрыс қой. Бірақ, дәл әлгіндей емес, басқашалау қылып жеткізсе қайтер еді? Ұядан ұшқалы тұрған қыз баланың атынан жаңағыдай жағымсыз ой айту кімнің абыройын көтереді, асабаның ба, әлде, үй иесінің бе? Содан соң төрінде отырған ең сыйлы деген қонағы - құдалары не деп кетеді? Олардың ішіндегі үлкендер жағының бұл әңгімені тікелей түсініп: «Келініміздің сиқы мынау болған ба?» демесіне кім кепіл? Ақыл айтпаңдары несі? Отбасылы болудың қыр-сыры мен ондағы қиындықтарды жеңе білу, жарын сыйлау, ата-енені қадірлеу, кішіні қамқорлау деген сынды келіннің бойында болуы тиіс ізгі қасиеттердің үлкендердің аузымен айтылуы – тойдың негізгі мақсаты емес пе? Үй иесі тойды бір ауыз сөз айтып, қалған уақытқа топырлатып билету үшін жасамайды ғой. Думан орталағанда ойын ойналатыны бар. Көптеген дарақылықтың көрініс табатын тұсы да осы кез. Байсалды, сөздің парқын түсінетін, мәніс білетін асабалардың көпшілігінің өзі басқаратын тойда ойын өткізбейтіндігі де сондықтан. Өйткені, онда неше түрлі қазақы менталитетімізге қайшы дүниелер кездесіп жатады. Бұл жолғы ойынның шарты мынадай болды.

Бірнеше жұп би алаңына шығады. Билеп жатқан кезде музыка тоқтайды. Сол уақытта асаба «қол» десе, жұптар бір-біріне қолдарын тигізулері керек. «Аяқ» десе, аяқтарын. Қыс-қасы, қай дене мүшесі айтылса, сол жерлер түйісуі шарт. Не де болса, бір масқара болайын деп тұрғанын ішіміз сезді. Бірақ оған қымсынып отырған ешкімді байқамадық. Бәрі риза, әбден үйренген бұған. Сонымен ортаға тойдың ең белсенді қатысушылары шақырылды. Құрдас, ұжымдас, нағашы-жиендердің арасында жаңа құдалар да тұр. Опыр-топыр би басталды. «Бет пен бет», «қол мен қол» деп айқайлап тұрған асаба біраз қонақты бір-бірімен жанастырып алды. Ыңғайсызданып, сәл тартыншақтағандары ойын талабын орындамағаны үшін «қуылып» тынса, белсенділік танытқандары ойынның бел ортасында жүр. Құдай сақтап, құда да отырды-ау орнына. Әйтпесе, алда не күтіп тұрғанын бір Құдайдың өзі білсін. Осыны ойлап болғанымыз сол-ақ еді, әлгі тамада: «Бас пен жанбас» демесі бар ма? «Тойды көтеріп жүрміз» дегендері ойланып жатпастан, жапатармағай біреудің әйелінің жанбасына басын ала шапты. Ұят-ай. Ендігі жетпегені осы еді. Ал, халық қыран-топан күлкіде. Ар-ұят, әдеп деген қасиеттердің құнын көк тиын ететін осындай әрекеттер біздің өз қолымызбен жасалып жатқаны қандай өкінішті? Өзімізді сыйлау былай тұрсын, кішкентай балаларымызға көрсетіп жатқан үлгі-өнегеміздің деңгейі соншалықты төмендеп бара жатқанын көріп қынжыласың да қоясың. Басқа амал қайсы? Тойды қорытындылаған асабамыз қызды-қыздымен не айтып, не қойғанын өзі де байқамаса керек: «Осылайша, қыздарыңыз өзінің қыздық қасиетімен қоштаспақшы» деп қарап тұр. Масқара деп осыны айт. Қайта абыр-дабырмен әлгі сөзін көпшілік елемей қалған болуы керек. Әйтпесе, мынадан асқан сорақылық бар ма? Бәрінен де біліксіз асабаның әлгі әрекеттеріне «мәу» дейтін бір үлкен кісінің болмағаны ұят болды.

Бұрындары сөйлеушінің артық-кемін бетіне басып, тәрбиелеп отыратын үлкендерді көретінбіз. Олардың қатары кеміді ме, әлде, айта-айта шаршады ма, әйтеуір ауызына келгенін айтып жүр қазіргілер. Ауданымызда үлкен той-думандар өтетін мейрамханалардың саны оннан асады. Оларда орташа есеппен алғанда аптасына екі тойдан өтсе, азайтып айтқанда 5 мыңдай адам қонақ болады екен. Бұл көрсеткішті 4 аптаға көбейтсеңіз, айына 20 мың мейман той тойлайды. Яғни, демалысы той-топырмен өтетін мұншама халыққа қызмет көрсетіп қана қоймай, оларды тәрбиелейтін де осы асабалар. Бұл сынымызды сөз төркінін ұғатындары кешірер. Бәріне топырақ шашпаймыз. Тек әлгі се-кілділерді көп болып жөнге салған жөн. Ал, асабаларға айтарымыз, дарыныңыз, қарымыңыз жетсе, мархабат, ел алдына шығып, тізгін ұстаңыз. Егер Досбол би айтқандай, «таппай айтып, келеке болып», өзгелерді де ұятқа қалдырсаңыз, басқа жұмыспен айналысқаныңыз дұрыс-ау.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521