Рухани жаңғыру... Елбасымыз жолдады, талқыладық, біршама ауқымды шаралар өтті, ал осы уақыт ішінде ел болып жаңғыра алдық па?!
Ұмыт болуға айналған бабаларымыздың, халқымыздың жөн-жоралғысы, салт-дәстүрлері жетіп артылады. Солардың бірі болған "Асар" дәстүрін қаншалықты жаңғырттық...?
Мысалы, жеке басым, қалалық жерде емес, ынтымағы жарасқан, берекелі еңбектің қазаны қайнаған, қойнауы құтқа, жаны жайсаң жұртқа толы құм Нарында дүниеге келсем де бала кезден шет жағасын көріп, естіп жүрген асардың ағайын мен ағайын араласпайтын, көршіге көрші кірмейтін заманда ұмытылғанын түсіндім.
"Көп түкірсе көл демекші" - ата-әжелеріміздің кезінде үй-жайын, қора-қопсысын, азды-көпті жалғыз адамға ауырлау тиетін жұмыстарды, ауыл-аймақ, ағайын-тума, көрші-қолаң, дос-жаранның көмектерімен асарлатып жібереді екен. Қазіргі таңда қалада тұрмақ, ауылдық жерлерде де жоғарыда айтқан шөп түсіріп, қой қырқу, т.б. сияқты қиындау жұмыстарды ақшасыз (жалдамасыз) бітіре алмайтын болдық. Мүмкін бұл да сананы тұрмыс билеген кезеңде, асардың шағын бизнеске айналған заманауи түрі болар деп те ойлаймын.
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" десе, бір ғана асар дәстүрінің айналасында бір-біріне мейірімді болып, қиын жағдайда қолтықтан демеп, көмек қолын созар адами асыл қасиеттерді жоғалтпай келген бабалар жоралғысын жоғалтып алмадық па? "Бірлік бар жерде тірлік бар" деген, ауызбірлігімізді осы тектес үрдістер арқылы сақтай білген елдің болашақ ұрпағына жүктелер жүк, рухани құндылықтарды жаңғыртар уақыт келген сияқты.
Қорыта келе биылғы жыл еріктілердікі болса, осы үрдістің бойына қан бітіретін еріктілерге ескерер жағдаят деп ойлаймын.
Ұлан МЕҢДІҒАЗИЕВ,
аудандық «Жалын» мәдениет үйінің қызметкері, «Jas star» өнерпаз жастар ұжымының жетекшісі