Әскерде құлшылықты «қоя тұруға» бола ма?

Экстремизм мен терроризмге қатысты кезекті жиындардың бірі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде өтті.

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологі Нұрбол Хаван діни ағымдардың шығуы, тарауы жайында елдің құлағы үйренген әңгімесінің тиегін ағытты. Мұсылманның сипаты, салт-дәстүрді сақтау, имандылық пен қазақы ғұрыпты қатар алып жүру керек шығар, әрине. Дегенмен, аталған тақырыптың сол салаға қатысты жағын сөз қылып, кәсіп иелеріне келетін тұстарын, ондағы туындауы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу бағыттарын әңгімелеу керек тәрізді. Бұл бір жағынан жиылғандарға пайдалы болар еді, екінші жағынан маманның біліктілік деңгейін көрсетері анық.

boendin1

Жиын соңында сұрақтар қойылды. Солардың бірінде әскери қызметтегі діни ахуал жайын білмек болған сауалымызға жауап берген аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Төлегенов әскери қызметшілердің бес уақыт намазын оқи алатынына дейін айтты. Осы жерде қойылған «Мерзімді әскери борышын өтеушілер де қызметімен қатар мұсылмандық парызын алып жүре ала ма?» деген сұрағымыз да біраз талқыға түсті. Отан қорғауды мұсылмандық міндеттің бірі атаған Бақытжан Төлегенов әскердегі жігіттерге намазды кейінге шегере тұруға болады дегендей ой қалдырды.

Расында солай ма? Әрбір мұсылман баласына белгіленген уақытта парыз етілген құлшылықты «қоя тұруға» шариғат не дейді? Бұл сауалды теолог Нұрбол Хаванға қойып көрдік. Жалпы намазды қаза қылуды дініміздің құптамайтынын айтқан теолог сөзінің соңын дегенмен, жағдайға қарай тоқтата тұрса болады дегендей қылып түйіндеді. Қызық. «Бұл - өз ойым» деген ақпараттық талдау орталығының маманы Ерболат Насимуллин де теологтың ойын қоштады. Әскери қызметте құлшылық жасауға уақыт бола бермейді деп санайтын маманның ойынша бұл аса бір толғандыратын мәселеге ұқсамайтын көрінеді.

Иә, заңның аты – заң. Дегенмен, Ұлы Жаратушының әміріне де құлақ асып қойған жөн. Сарбаздардың да діни сеніміне құрмет керек. Осы орайда асыл дінін ардақтайтын иманды сарбаздардың әскерде жүріп те құлшылық қылуларына жәрдем жасайтындай заңға өзгерістер енгізуді биліктің биік мінберіндегі азаматтардың құлағына салса деген ниетті білдіргенбіз. Өйткені Аллаға құл болу мен Отанға адал ұл болудың ешқандай да қарама-қайшылығы жоқ қой.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT