Әскерге барып, үйренгеніміз көп

Тұщықұдық ауылында Отан алдындағы борышын өтеп келген жас сарбаздармен кездесу ұйымдастырылды. Кешегі күні елдің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін әскер қатарында болған олар Отан қоғаушылар күні мерекесіне орай мәдениет үйінде ауылдастарымен өткен кездесуде көптің құрметіне бөленді. 

Кездесудің басты мақсаты - жоғары сынып оқушыларының әскери қызметке қызығушылығын арттырып, жастарға Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіру және оларды әскерге баруға ынтыландыру. Аталған жиынға жастар мен ауыл үлкендері және мектеп оқушылары қатысты. Шараны ашып берген ауылдық округ әкімі Айбатыр Бекішұлы ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. 

-Тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көк туымызды әрдайым биікке көтеру, бойында Отансүйгіштік қасиет пен патриоттық сезімі бар жастардың қолында. Кезінде ерлікпен елді қорғаған ата-бабаларымыздың батырлығын бойына сіңіріп өсетін жастар көп болуы керек. Сонда ғана елдің тірегі мықты деуге болады. Бүгінгі кездесудің де, жастардың бойында сондай қасиеттерді қалыптастыруға үлкен септігі тиеді деп есептеймін, - деді ол.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл кездесудің жастар үшін маңызы өте зор. Өйткені, ол жерде әскердегі қызмет, жауынгерге тән жауапкершілік, ондағы қызықты сәттер туралы көптеген әңгімелер айтылды. Кездесу қонақтары Естөре Қисым Ұлттық Ұланда 6656 әскери бөлімінде, Сәндібек Мұғау шекара қызметінде болып, екеуі де Ақтау қаласында әскери борыштарын өтеген.

Оларды құрметпен сахнаға көтергеннен кейін, сарбаздар әскердегі қызықты сәттері жөнінде әңгімелеп берді. 

Кездесуде жастардың әскерге баруы үлкен мәселеге айналып бара жатқаны да сөз болды. Ауыл әкімі Айбатыр Бекішұлының айтуынша, қазіргі уақытта Тұщықұдық ауылдық округі бойынша әскер қатарына шақырылған азаматтардың ішінде түрлі себептермен әскерге барудан жалтарып жүргендер бар. 

-Жастарға ата-аналары, әскерге барып келген ағалары Отан қорғаудың маңыздылығы жөнінде айтып жүрсе,- дейді ол.

Кездесуде залда отырған жастарға «Әскерге барып отанды қорғауға әзірсің бе?», «Қазіргі заманда ерлік жасау дегенді қалай түсінесің?» деген сұрақтар қойылды. Болашақ сарбаздар, бір ауыздан әскерге барудан қашпайтындарын, Отанға адал қызмет ететіндіктерін ашық айтты.

- Мен Шымкент қаласында Ұлттық Ұланда 6506 бөлімінде әскери қызметте болдым. Сол кезде өзімнің командирім «Ерлік деген тек қана білекпен өлшенбейді, біреуге жақсылық жасау да үлкен ерлік» деп айтқан еді. Мен әскерде жүрген кезде бір жерден үлкен өрт шығып, сол өрттің ішінен кішкентай баланы аман алып шықтым. Сол кезде менің бұл ісімді командирім ерлік деп бағалады. Менің пікірім де дәл сондай,- деді Есбол Оралбаев.

 

«Әскерге барудан қашпау керек, онда өткен уақыттың әрбір минуты қызықты деуге болады. Қасыңда жүрген жолдастарың бір жылдың ішінде бір үйдің балаларындай болып кетеді. Әскерге бару арқылы көптеген достар таптық, тазалықты, ұқыптылықты, азамат ретінде жауапкершілікті сезінуді үйрендік»,- дейді жас сарбаздар.

Кездесу соңында сарбаздарға ауылдық округ әкімі Айбатыр Бекішұлының алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс етілді.
Мерекелік кездесуге жиналған көрермендерге мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521