Ғасыр-ғұмыр

Тағдырдан теперіш, қоғамнан езгі, туыстан тепкі, елден теріс бата алсаң да әуелбастан көктегі жаратушы өзі сайлап берген және ешкім ешқашан күш көрсетіп тартып ала алмайтын бір құдырет бар.

Ол – аз болсын, көп болсын, мәнді немесе мәнсіз, сәнді не сәнсіз екеніне қарамастан ауасын жұтып, суын ішіп, әр күніңе шүкір дейтін ғұмыр жасың.

Біреулердің өмірі санап берген сараң саудагердің тиынындай тез түгесілсе, қайсібір ақсақалдар мен кейуаналардың болмысы ұрпақтар сабақтастығына салауат айтып, баланың баласы, одан әрі оның баласын көруге ұласып жатады. Жуықта сондай бақытты қариялардың қатарында аққыстаулық қос әжеміздің барын естіп, тәубе еткен едік. Үлкеннің батасын алып, қолын қысып, халін білуге асыққан ел емеспіз бе, аналар мерекесі қарсаңында аудан әкімі Марат Мурзиев 1914 жылы дүниеге келген Алтынбекова Айжан мен 1915 жылы туылған Фазылғалиева Әсия аналарымыздың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.

Өткен ғасырдың тірі куәгерлері, атың өшкір нәубет аштық пен сұм соғысты көрген, ұжымдастыру мен майданнан кейінгі шаруашылықты қайта қалпына келтіруге бір кісідей атсалысқан, колхоздың ауыр жұмысын жасаған, соқа жыртып, ат айдаған, теміржол табанын тартып, атан белі көтере алмайтын сом шойындарды құрысқан, түйе арбамен кіре де салған, шөп шауып, ауыл жұмыс-тарын атқарған бүгіндері шүйкедей ғана қос қарияның айта берсе көрмеген бейнеттері аз. Соған қарамастан түтін түтетіп, ұрпақ өрбіткен және бүгінгідей тәуелсіз еліміздің дамыған, саясаты тұрақты кейпін көруді жазған тағдырына айтар еш өкпе-реніш-тері жоқ, қолынан құманы, аузынан батасы түспеген аналарымыз өздеріне арнайы ат басын тіреген аудан басшылығына рахмет білдірді. Республикалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қолы қойылып, мөрі соғылған марапат қағазы мен шағын сыйлығын тартқан және өз тарапынан жылы сөздерін арнап, келелі мәслихат құруға, төрдегі басын иіп, құрмет білдіруге келген Марат Мурзиев, Нұрлан Мұханбеталиев, Асқар Құрманғали, Ақтолқын Ахметжанова, Ғаділ Боранбаевтарға аналық алғысын білдірді.

– Айжан апамыз жастау кезінде ауыл жанында жалтырап жататын «Жалтыр» көлін атқа мініп кешіп жүргенінде тұрпатының ірілігі сондай, екі аяғы суға тиіп отыратын,-дейді әжеміздің көршісі, әрі ауданымызға белгілі күйші, еңбек ардагері Мұрат Шахуов.

– Осыдан біраз алдын денсаулығы жақсы еді, жалғыз ұлы о дүниелік болып, көңілі пәс тартып, бойкүйездікке бой алдырып алды. Қанша дегенмен ұрпағының өлімі ана үшін қиын ғой. Әжеміз қазіргі кезде келінінің қолында тұрады екен. Көзі көрмейді демесеңіз, санасы түзу, аяғы жүрмегенімен, көңілі жүйрік. Кәрілік меңдесе де, ойы дұрыс. Әсия әжеміздің шаңырағында болып, ағарғаннан дәм ауыз тиіп, құтты болсын білдірген сапарымызға жасы үлкейсе де, сөзінен жаңылмаған кейуана жүрекжарды ақ батасын берді. Өзі соғыс жылдарында теміржол салып, үздік Стахановшы болыпты. Қой да бағып, шопан атанған. Кейін туған елді мекенді гүлдендіру жолында аянбастан ауыр жұмыстар жасапты. Бүгінде өзінен өрбіген екі ұлы мен қос қызы бар Әсия әже саналы ғұмырында табиғи ыңқыл-сыңқылды айтпағанда ауырып, дәрі ішіп, аурухана есігін аттамапты, бір қызығы. Ұзақ жасауының сыры осы болса керек. Бүгінде балаларының арасында басында ақ жаулығы ағараңдап бақыттың базарында отырған Әсия анамызға да қажырлы денсаулық тілеп қоштастық.

Қартайса да қолында тәспісі, бойында дәреті, аузында иманы жоқ салт басты, сабау қамшылы, өзім білемге салынып салғыласқанда тілазар ұлдан бетер кейбір ақсақалды да көрген бұл көзімізден көпке дейін жүзден асып, айналасына аналық жылылығын сеуіп отырған ғасыр аналар кетпей қойды. Өйткені бұлар тірі тарих қой.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521