Ата заңды жаңарту – уақыт талабы

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім Конституциялық реформа жөніндегі комиссия қызметінің өз мәресіне жеткенін айғақтайды.

Өздеріңізге белгілі, Президенттің 2026 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оған қоғам сенімі мен үмітін ақтайтын аса жауапты міндет жүктелді. Комиссия заманауи сын-қатерлерге жауап беретін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін әрі мемлекеттің стратегиялық мүдделерін айқындайтын жаңа Конституция жобасын әзірлеуі тиіс болды.

Осы кезеңде комиссия 12 отырыс өткізіп, әрқайсысы кәсіби диалог пен мазмұнды пікірталас алаңына айналды. Комиссия мүшелерінің, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және азаматтардың түрлі ұсыныстары мұқият қаралды. Сын-ескертпелер де мәтінді жетілдіруге негіз болды. Барлық пікірлер жан-жақты сараланып, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүдде үйлесім тапты.

Комиссия жұмысы тек ресми отырыстармен шектелмей, тақырыптық жұмыс топтарында, халықпен және сарапшылармен кездесулер форматында жалғасты. Құрамына түрлі саланың 130 өкілі енген комиссия ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етті.

Жоғары білікті лингвистер тобы Ата заң мәтінінің қазақ және орыс тілдеріндегі терминологиялық әрі мазмұндық бірізділігін қамтамасыз етті. Бұл – құқықтық нақтылық пен айқындықтың басты кепілі.

Еуразия кеңістігінде алғаш рет конституциялық реформаны талқылау онлайн-трансляция форматында ұйымдастырылды. Бұл әрбір азаматқа үдерісті бақылап қана қоймай, пікір білдіруге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде жаңа Конституцияны қалыптастыру ісіне қоғамның қатысу деңгейі айтарлықтай жоғары болды.

 

Жеңісбек Қабиев,

Исатай аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT