Биыл республикалық маңызы бар автожолдарда 21 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, салдарынан 19 адам қаза тауып, 29 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Бұл жайлы облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев аймақ басшысы М.Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында баяндады. Департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жария болғандай, комиссия отырысында автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын кешенді күзгі тексеру қорытындылары талқыланған.
Тіркелген жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі - жол төсемі енінің тарлығы. Адам өлімімен аяқталған әрбір үшінші жол апаты қарсы қозғалыс жолағына шығу салдарынан болады. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдар III-IV санатқа жатады, яғни ені 6-7 метр. Осы ретте, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қамза Үмбетқалиев Атырау-Орал, Атырау-Аққыстау, Атырау-Доссор, Доссор-Құлсары-Бейнеу автожолдарын 15 метрге дейін кеңейтуге, көрсетілген жолдарды кейіннен I санатқа ауыстыра отырып, 4 жолақты қозғалысты ортасында бөлгіш бетон жолағымен жабдықтауға ұсыныс білдіріпті.
Бұдан басқа, Қамза Үмбетқалиев Махамбет кенті мен Х.Ерғалиев ауылы арасындағы, сондай-ақ Құлсары қаласы мен Мұқыр кенті арасындағы жолдарды қайта жаңартуды, жол төсемінің енін кемінде 8 метр етіп, II санатқа ауыстыруды ұсынды.
Бұдан басқа, полиция департаментінің бастығы қатысушылардың назарын республикалық маңызы бар Махамбет-Х.Ерғалиев автожолының 45 шақырымдық учаскесі нашар және Құлсары мен Мұқыр арасындағы жол трассасына (136 км), сондай-ақ, негізгі учаскелерді салу, жөндеу кезеңінде пайдаланылатын уақытша (айналма) жолдарға тиісті күтімнің болмауына аударды.
"Астрахан тас жолының бойында салынып жатқан жол", "Сағыз – Жамансор", сондай-ақ "16 - разъезд - Исатай стансысы" учаскелерінде орналасқан айналма жолдардың сапасы нашар" деп атап өтті Қамза Үмбетқалиев. Республикалық маңызы бар 1120 шақырым жолдардың 605 шақырымы (немесе 54%) қанағаттанарлықсыз жағдайда. 314 шақырым жол (немесе 28%) жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.
Мысалы, 2006 жылы пайдалануға берілген Атырау – Орал бағытындағы жол трассасында 2014 жылдан бастап түрлі учаскелерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жұмыстың сапасы төмен, уақытша жасалған жұмыстар. Сондай-ақ, бұл автожолда көлікті қарау эстакадасы, көлік жүргізушілеріне демалуға арналған орындар (Кемпингтер) жоқ. Нәтижесінде, түнгі уақытта демалатын жүргізушілер көліктерін жол жиегінде қалдыруға мәжбүр, бұл жол-көлік оқиғаларының орын алуына әкеледі.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Cурет: ашық дереккөзден