Атырау облысында аумақтық қорғаныс әскерлері бригадасының және әскери міндеттілердің 10 күндік оқу-жаттығу аяқталды
9–18 қыркүйек аралығында Атырау облысында аумақтық қорғаныс әскерлері бригадасы және әскери міндеттілердің қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу «Бригада бөлімшелерін жұмылдыру және жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейге жеткізу, жауынгерлік үйлестіруді ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ аса маңызды нысандарды қорғау мен күзету» тақырыбында өтті.
Шараның негізгі мақсаты – облыс аумағындағы маңызды стратегиялық нысандарды күзету және қорғау кезінде бригадалық басқарма мен жергілікті әскери басқару органдарының үйлесімді іс-қимылын пысықтау, дайындық деңгейін тексеру болды.
«Атырау облысының резервтегі қорғаныс бригадасы бейбіт және соғыс уақытында келесі міндеттерді орындайды. Ең алдымен, елді мекендерді, коммуналдық объектілер мен инфрақұрылым желілерін қорғау, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты қарсылас тарапынан төнетін қауіп-қатерден қорғау. Екіншіден, барлау, диверсиялық және террористік топтарды анықтау және жоюға қатысу. Үшіншіден, жауапкершілік аймағында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету. Соғыс жағдайында әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою шараларына қатысу. Арнайы операциялық күштермен бірлесіп, уақытша басып алынған аумақтарда қарсыласқа тойтарыс беру операцияларын жүргізу» дейді Атырау облысы аумақтар бригадасының командирі Нұржан Даутов.
Оқу-жаттығудың соңғы күні шартты қарсыластың шабуылына тосқауыл қою және стратегиялық нысанды қорғау бойынша тактикалық эпизод көрсетілді. Бұл бөлім аумақтық қорғаныс күштерінің қауіп-қатерге жедел жауап беру және инфрақұрылым объектілерін қорғауға дайын екендігін көрсетті.
Оқу-жаттығуға қатысқан ер азаматтар арасында Жедел жәрдем орталығының қызметкері Ыбырай Әділгереев те бар.
«Отан алдындағы борышымды өтегеніме жиырма жыл өтіпті. Осы оқу-жаттығу кезінде әскердегі кездерім есіме түсіп, сол күндер қайта жаңғырды. Бүгінгі тактикалық эпизодта мен нысанды басып алушы террористің рөлін сомдадым. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді ол.
Оқу-жаттығу қорытындысымен ерекше көзге түскен бірқатар қатысушы азаматтар әскери дайындықтағы жоғары белсенділігі үшін марапатталды.
Хусни Хамза