Атырау облысының әкімі басқа да бір топ спортшылармен бірге исатайлық Еркебұлан Қуанғалиев пен Абылайхан Мейрамбекұлын және олардың бапкері Асхат Жұмабековті марапаттады.
Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Марапатталғандар қатарында ауылдастарымыздан бөлек футболдан ҚР чемпионатының Бірінші Лига ойындарында жеңіске жеткен «Атырау» футбол клубы, алтыншы мәрте ҚР Кубогінің иегері атанған «Атырау» волейбол клубы секілді байрақты бәсекелерде өңірдің атын шығарып, ел намысын қорғап жүрген спортшылар мен олардың бапкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Жиын барысында алғаш болып сөз алған облыс әкімі спортшыларды жеңістерімен құттықтап, ел спортын дамыту бағытындағы қызметтері үшін алғыс білдірді.
- Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесін ерекше атап өткен болатын. Осы мақсатта облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның дәлелі ретінде бүгін сіздермен қуанышты жағдайда жүздесіп отырмыз. Қос бірдей командамыз республикалық сайыста жеңімпаз атанса, қос балуанымыз әлем чемпионатында көк байрағымызды асқақтатты. Бұл – үлкен жетістік. Сіздерді жарқын жеңістеріңізбен құттықтаймын. Байрақты бәсекелерде биік белестерді бағындырып, Атырау мерейін тасыта беріңіздер, - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Кездесуде сөз алған жастар арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Мейрамбекұлы қазақ спортының жеңісті күндері әлі алда екенін атап өтті.
- Спортшылардың басты мақсаты – аянбай еңбек етіп, байрағымызды көкке көтеру. Бізге көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысымыз шексіз. Елдің осындай ыстық ықыласының арқасында Сербияда өткен әлем чемпионатында өз мақсатыма жетіп, жат жерде әнұранымызды шырқаттым. Алдағы әлемдік додаларда да жеңістерді бағындырамыз деген сенімдемін, - деді Абылайхан Мейрамбекұлы.
Айта кетейік, 5-8 қараша күндері Сербия Республикасының Нови-Сад қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында жауынгерлік самбодан ересектер арасында Еркебұлан Қуанғалиев күміс жүлдеге ие болса, жастар арасында Абылайхан Мейрамбекұлы жеңімпаз атанып, алтыннан алқа таққан еді.