Атырау жастар театры Аққыстауға келді

Атырау жастар театры іссапармен Исатай ауданына келіп, «Жалын» мәдениет  үйінде көпшілік назарына  жаңа қойылым  ұсынды.


Драмада қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелер кейіпкер өмірі арқылы сомдалды. Әкесінен айырылған алты баланың өмірі,  олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы, татулығы сипатталды. Сондай-ақ, жанұядағы әке мен ананың орны, отбасы құндылығы, ана мен баланың арасындағы мейірім көрініс табады. 
 Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің  бірі –дін. Міне, соның ішінде жастардың діни сауаттылығының төмен болуы салдарынан  жат ағымның жетегіне ілесіп жатады. Шытырман оқиғада  осы жағдай шынайы әрі әсерлі сипатталады.
-    Атырау жастар театры алғашқы іссапарын аудандардан бастап жатыр. Алдымен Қызылқоға, Мақат аудандарынан бастау алса, бүгін Аққыстау халқының назарына  ұсынып жатырмыз. Драма атауы – Жәннат. Оны арнайы тапсырыспен театрдың көркемдегіш жетекшісі Мұқанғали Томанов  жазды. Себебі, осы драма арқылы жастарға отбасының, ананың, туған бауырдың қадірін түсіндіргіміз келді. Осы драма бойынша облысқа қарасты 7 ауданды қамтып, одан әрі басқа өңірлерге бару жоспарымызда тұр.Тамыз айынан бастап, Астана, Орал, Ақтөбе, Ақтау қалаларына жол жүреміз. Сондай-ақ, «Атырау облысында тағы бір театр ашылды, сүйінші» дегендей, бүкіл елге театрымыздың өнерімен таныстырып, атымызды да кеңінен танытқымыз келеді,- дейді театр директоры Әміржан Нұрланұлы.
Көрерменін терең ойға қалдырған қойылымның бүгінгі жастарға берер ғибраты мол болды. Болашағынан үміт күттірер жас әртістердің шеберлігіне қалың көрермен орнынан тұрып қошемет білдірді.Тіпті, ауыл тұрғындары қойылымды шынайы қабылдап, жанарларына жас алғанын да көзіміз шалды. Солардың бірі аққыстаулық ардагер Гүлбану Қабулова алған әсерін былай деп жеткізді:
-    Өте тамаша, сондай әсерлі қойылым болды. Жанардан жас құрғамады. Бүгіннің өзекті тақырыбы қозғалды. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, басты рөлдегі Сүйініштің отбасына қайтып келгені үшін қуаныштымыз. Көзіміздің жасы тек ғана қуанышқа көрінсін дегім келеді. Театр ұжымына  ризамыз. Осындай қойылымдар жалғасын таба берсін, -деді ол. 
Қойылымнан кейін рухани кеш сыйлаған театр ұжымына аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали  шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімі атынан арнайы алғыс хат пен сый-сияпатын ұсынды. Жылы лебізін жеткізген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Ателов те жастарға үлгі болар туындылардың  жиі жарық көруіне тілектестігін білдірді.

Сағыныш Қайыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT