Атырауда 2 азамат айыппұл төлеп, темір тордан босады

Бүгінде сотталғандар айыппұл төлеу арқылы бостандыққа шыға алады. Ол кәдімгі заң жүзінде жүзеге асады.

- Әлемнің көптеген, соның ішінде батыс елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан бұл тәжірибе көршілес Ресейде де қолданысқа енген,-дейді Атырау қаласындағы УГ-157/9 бастығы Думан ТАЖЕНОВ. - Халық айыппұл дегенді дұрыс түсінбей жүр. "Сотталғандар ақша төлеп түзеу мекемелерінен шығып жатыр" деген түсінік қалыптасқан. Негізінде олай емес. Бұл заңмен, сотпен қаралған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру. Басқаша айтқанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босату. Ол үшін жазасын өтеген кезде сотталушының өзін-өзі жақсы жағынан көрсетуі, тәртібі де ескеріледі, - дейді ол Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз-қызметіне берген сұхбатында.

Департаменттің баспасөз қызметі түсіндіргендей, кез келген жазасын өтеушінің айыппұл төлеп, еркіндікке шығуға құқығы жоқ. Жазалау мерзімінің белгілі бір бөлігі өтелгеннен кейін түрме басшылығы мінездеме беріп, сотта айыпкердің түзелгені, қайтып заң бұзу әрекетіне бармайтыны дәлелденіп, барлық сот шығыны төленгеннен кейін ғана бас бостандығын беру туралы шешім шығарылады. Ол шешім шыққанға дейін, қылмыс жасағандар мекемеде түзелмек. Тамыз айы басталғалы бері Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты УГ-157/9 (ерлер түзеу мекемесі) мекемесінен 10 сотталған азамат айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан. Олардың ішінде Өзбекстан азаматы да бар екен.

833c5218-45d5-4eea-9025-6dae05cf234a

Осы айда алғашқылардың бірі болып бостандыққа шыққан 28 жастағы Өзбекстан азаматы – Досбол ПАЛУАНОВ 2019 жылы ҚР ҚК 109 ( Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бабымен 3 жылға сотталып, 2019 жылы сәуір айында осы мекемеге жөнелтілген. Биыл жазасының қалған мерзімін айыппұлға ауыстырып, 1 млн. теңгеден астам қаржы төлеп, бостандыққа шығып отыр.

- Төбелес кезінде адам жаралап, 3 жылға сотталдым. Бостандықта анам мен ағам қалды. Олар Қарақалпақстанда тұрып жатыр. Бір рет келіп кетті. Ай сайын келуге шама жоқ, сол себепті жылына бір рет келіп тұрады. Алдымен Ақтауда, кейін Атырауда жалдамалы жұмысшы болдым. Жұмыс жасап жүрген кезде, істі болып, сотталдым. Мекемеде түзеліп, өз-өзіме осы жерге қайта келмеймін деп уәде бердім,-дейді Досбол.

«Мекемеде болған кезде қандай-да бір қиыншылықтармен кездестің бе?» деген сұраққа Досбол былай дейді:

- Қиыншылықтар болды деп айта алмаймын. Бос уақытымды тиімді өткізу үшін мекеме кітапханасынан қазақша кітаптар алып, тілімді жаттықтырдым. Қазір қазақ тілін толық түсінемін және сөйлей аламын. Спорттық және мәдени шараларға қатыстым. Бір қызығы осында келіп қана футбол ойнап үйрендім. Досбол мекемеден шыққан күні Атырау облысы Полиция Департаментіне қарасты Көші-қон қызметіне тіркеуге тұрып, ісі Атырау қалалық әкімшілік сотына жіберіліп, 10 күннің ішінде елден шығарылады.

- Туған жерге қайтамын. Қазақстанға енді қайта келмей, сол жақта үй салып, үйленетін ойым бар. Қазақстан – өмірлік тәжірибе болды,-дейді Досбол. Тағы бір бостандыққа шыққан 24 жастағы актаулық азамат Данияр 2019 жылы ҚР ҚК 194 бабымен (Қорқытып алу) 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Енді жазасының қалған бөлігін айыппұлға ауыстырып, темір тордан босап жатыр.

- Жастықпен от басып, енді бостандыққа шығып жатырмын. Бар өмірім алда ғой, сол себепті енді қателік жасамаймын деп ойлаймын. Мекемеде бірнеше рет сотталған азаматтарды көріп, олардың орнына өзімді елестетіп көрдім. Өте қорқынышты,-дейді Данияр.

Біз Даниярмен сұхбаттасып болғаннан кейін, мекеме алдында Атырау қалалық Пробация қызметінің және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері келіп, оларға консултациялық қызмет көрсетті. Сонымен қатар мекеме қызметкерлері оларды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіп, Досболды – көші-қон қызметіне, ал Даниярды – Ақтауға шығарып салды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521