Атырауда «Борышкер» жедел іс-шарасы кезінде қарызын төлемей жүрген жүргізушілерден 6 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 8 маусымнан бері сот орындаушылармен бірге «Борышкер» жедел іс-шарасын өткізіп жатыр.
«Іс-шара кезінде полицейлер Жедел басқару орталығының бақылау камералары арқылы борышын өтемей жүрген жүргізушілерді анықтады. Полицейлер планшеттің көмегімен 500-ден астам жүргізушіге әкімшілік айыппұлдарын өтеу туралы әкімшілік соттың қаулысын тапсырды. Борышы бар жүргізушілерден 6 млн теңгеге жуық айыппұл өндіріліп, 20 автокөлік айып тұрағына қойылды» деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері планшеттің көмегімен алимент төлемегендерді анықтап, көлік құралын басқарушылардың сақтандыру полисін тексеру мүмкіндігіне ие болған.
Еске сала кетелік, Атырауда Армениядан әкелінген 160-тан астам көлік тіркелген еді.