Атырауда Айт намазы оқылып, құрбан шалынды

Бүгін Атырауда қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай, Айт намазы оқылды.

Пандемия жағдайына байланысты, екінші жыл қатарынан карантин жағдайында өтіп жатқан Айт мерекесі, таңғы сағат 7.00-де Айт намазын оқудан басталды.

Орталық «Иманғали» мешітінде, қала, аудан, ауылдарда бір мезгілде санитарлық талаптарды сақтай отырып оқылған Айт намазы 10 минутқа созылды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы аймақ жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтап, ел амандығы үшін дұға жасады.

«Құрбандық шалудағы негізгі ниет – Алланың разылығы. Бұндай ниеттің болуы құрбандық шалуда өте маңызды. Алла разылығы деген түсінікке негізі тақуа кісілер көңіл бөледі, Алла да тек тақуа құлдарының құрбанын қабыл алады. Қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінде «Тек Раббыңның разылығы үшін намаз оқып, құрбан шал» делінген. Бұл оның Алланың бұйрығы ретінде (жағдайы барларға) уәжіп екенін білдіред» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Айт намазынан соң, Атырауда құрбан шалу рәсімі басталды.

Пандемияға байланысты, елімізде биыл да құрбандық шалу рәсімі қашықтықтан ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Qurban2021 сайты арқылы қазақстандықтар құрбан малына тапсырыс бере алады.

Осы ретте Атырау облысында құрылған арнайы штаб мүшелері Атырау қаласындағы «Тума», «Асыл агро» мал базарларындағы мал сою пункттеріне барып, Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Алла разылығы үшін құрбан шалу рәсіміне қатысып, ел амандығын тілеп дұға жасады.

Еске сала кетелік, бүгін, яғни, 20 шілдеде басталған Құрбан айт 22 шілдеге дейін жалғасады.

Кез келген ниет етуші азамат Qurban2021 сайты арқылы, құрбан малына тапсырыс бере алады. Ал, мұқтаж отбасылардың аталмыш сайт арқылы, құрбан малының етіне сұраныс беруге мүмкіндігі бар. Құрбан малының еттерін мұқтаж отбасыларға еріктілер жеткізіп береді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521