Атырауда балаларының көзінше әйелін ұрып-соққан ер адам екі күнге қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Райса Айтжанованың айтуынша, тұрмыстық заң бұзушылық маскүнемдік, жұмыссыздықтан туындайды. Одан жапа шегетіндердің дені – әйелдер.
«Мәселен, жақында 102 операторына 40 жастағы әйелден шағым түсті. Жәбіреленуші заңды некедегі күйеуі – 1979 жылы туған азаматтың ішімдік ішіп, өзін ұрып-соғып, 4 баласының көзінше жанжал шығарғаны туралы хабарлады. Учаскелік полиция инспекторлары жанжал шығарушы азаматты учаскелік полиция бекетіне жеткізді. Жанжалдың шығу себебін анықтап, аталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-2 бабымен (ұрып-соғу, тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау) әкімшілік хаттама толтырылды», - дейді Райса Айтжанова.
Сот шешімімен 42 жастағы азамат 2 күнге әкімшілік қамауға алынды.
inform.kz