Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінде жас сарбаздар легі әскер қатарына қабылданды.
Ұлттық ұланның Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөліміне биылғы жылдың алғашқы легімен бірге Отан алдындағы борышын өтеуге келгендердің қатарында егіз бауырлар – Әлім мен Ғалым да бар. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданынан келген қос азамат – жас буынға үлгі боларлық саналы шешім қабылдаған.
– Отбасымызда алты бала тәрбиеленіп жатыр. Үлкен ағаларымыз да әскер қатарында болып, борыштарын адал өтеп шықты. Біз де солардың жолын қуып, елге қызмет етуді жөн санадық. Мұнда келген алғашқы күннен бастап әскери бөлімнің тәртібімен, ішкі талаптарымен танысып, жауынгерлік даярлыққа бейімделудеміз. Командирлеріміз бізге әскери істің қыр-сырын ұғындырып, бағыт-бағдар беріп жатыр, – дейді егіздер Әлім мен Ғалым.
Жас сарбаздардың айтуынша, олар болашақта әскери қызметті өмірлік мамандық ретінде таңдап, Ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қорғау жолында еңбек етуді мақсат етіп отыр.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі