Атырауда ерекше балаларды оңалтатын орталық бар

 

Атырау облыстық балалар оңалту орталығы осыдан 25 жыл бұрын ерекше білімді қажет ететін балаларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында ашылған болатын. Орталықта жыл сайын шамамен 500–600 бала педагогикалық және медициналық түзету көмегін алады. Атырау облыстық балалар оңалту орталығы директордың уақытша міндетін атқарушы Анаргүл Құбылбаеваның айтуынша, орталыққа негізінен сал ауруы, аутизм, дауна диагнозы қойылған, дамуында кешеуілдеуі бар балалар келеді. 

«Орталықтың қызметі мемлекет есебінен толықтай тегін көрсетіледі. Балалар бізге облыстық және қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) қорытындысы мен ұсынысы, сондай-ақ ата-аналарының келісімі арқылы қабылданады. Арнайы білім беру ұйымдарына баратын балаларды қоспағанда, 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік қызмет ұсынып отырмыз» - дейді ол. 

Оның айтуынша, балаларды оңалту – дәрігер немесе орталық мамандарының ғана емес, ата-анамен бірлескен еңбек нәтижесінде келетін үлкен жеңіс.

«Ең алдымен, ата-ана баланың ерекше екенін қабылдауы керек. Көп жағдайда біздің ата-аналарымыз «бала өзі сөйлеп кетеді», «кезінде әкесі де жай жүрген», «баламның дені сау» деген сияқты өз-өзін жұбатуға салынып, орталыққа кештеу келіп жатады. Сондықтан, ата-аналарға ерте қимылдауға кеңес берер едік» - дейді маман.

Ерекше балаларды оңалтып келе жатқан ширек ғасырға жуық уақыт ішінде, орталықта «жүре алмайды» деген сәбилердің тұсауы кесіліп, дені сау балалармен бірге бақшаға, мектепке барған батыр балақайлар көп болған.

 

Баян Жанұзақова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT