Атырау облысында 2026 жылы қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеуге бағытталған бірқатар жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және «Жасыл даму» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір өңірдегі бес ұйымның жобасы қаралған. Маңызды жоспарлардың қатарында «Фибратекс» ЖШС іске асырып жатқан қалдықтарды терең өңдеу негізіндегі полиэфирлі штапель талшығын өндіру жобасы бар. Оның аясында тәулігіне 20 тоннаға дейін қалдық өңдей алатын өндірістік желі іске қосылады.
Жобаның жалпы құны – 1 млрд 159 млн теңге. Кәсіпорын қаржыландырумен қамтамасыз етілген және оны осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық іске қосылған соң жылына 7 мың тонна дайын өнім өндіріледі, сондай-ақ 67 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек биыл пластик поддондар өндіретін жобаны іске қосу көзделіп отыр.
– «АртПластик» ЖШС жобасы өнеркәсіпті дамыту қорының бірінші кезеңінен сәтті өтіп, қазір екінші кезеңге ұсынылды. Ал қалған төрт жоба толықтай қаржыландырылған, оларды іске қосу да осы жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған, – деді Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Ботагөз Ынтымақова.
Маманның айтуынша, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, пластик өнімдерді шығару, сондай-ақ қажетті жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, тағам қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салу жобалары қатар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларды іске асыру қалдықтарды кәдеге жарату үлесін арттырып, полигондарға түсетін жүктемені азайтады. Сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсартып, өңірде жасыл экономика қағидаттарының дамуына ықпал етпек.


