Атырауда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІІІ сессиясы өтті

(0 Votes)

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІІІ сессиясы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аймақ басшысы жиында өңірлік Ассамблея жұмысының маңызына тоқталып, этносаралық тұрақтылықты сақтауда бірлескен жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет екенін баса айтты. Бұл айналамыздағы геосаяси ахуал күрделеніп тұрған қазіргідей сын сағатта аса маңызды. Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – бізге жүктелген ең басты міндет. Бұл тұрғыда баршаңыз татулық жолын жалғауға лайықты үлес қосады деген сенімдемін. Тәуелсіздік пен отаншылдық бірлік пен ынтымақтың негізін қаласа, әділдік пен жауапкершілік заң мен тәртіпті қамтиды. Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік - жасампаздық пен жаңашылдықтың кілті. Еліміздің жаңа буыны арасында осы құндылықтарды насихаттау ХХІ ғасырдың жаһандық қауіп-қатерлерін еңсеруге сенімді негіз болады, - деді С.Шәпкенов.

Сессия отырысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту туралы бірқатар мәселе талқыланды.

Сессия қорытындысында ҚР-ның ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Ал аналар кенесінің мүшесі Сара Ізмұханбетоваға ел бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Құрмет грамотасы» табыс етілді.

Оған қоса, өңірлік Ассамблея өкілдеріне Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты мен Құттықтау хаты берілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT