Атырауда көлік құралдарына арналған мемлекеттік тіркеу нөмірін шығаратын құрылғы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының қоғаммен байланыс менеджері Бекжан Ахметовтің айтуынша, нөмірлерді шығаруды мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қолға алған. Енді көлік иелері нөмірді санаулы күндерде алады.
«Биылғы 11 айда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 83 580 қызмет көрсетілді. Оның ішінде жүргізуші куәлігін алуға байланысты 27 818, көлік құралына мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін беру бойынша 54 846 қызмет ұсынылды. Бұрын атыраулық көлік құралына нөмір алу 20 күнге созылатын. Себебі, көлік нөмірі Ақтөбе қаласында жасалатын еді. Қазір оны Атыраудан 5 күннің ішінде алуға мүмкіндік туып отыр» дейді Бекжан Ахметов.
Оның айтуынша, Атырау облысына нөмір белгілерін шығаратын станок әкелінген. Онда күніне 500 нөмір шығарылады.
Eске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтар бір айда 18,8 млн теңгеге қымбат нөмірлер сатып алғанын хабарлап едік.
Сурет: ашық дереккөзден