Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 150 адамға жетті

«Бүгін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен вакциналау жұмыстарының барысы қаралды» - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облысы бойынша Санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов қаңтар – маусым айларында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 87 адам болса, шілдеде бұл көрсеткіш 150-ге жеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, осы айда коронавирус инфекциясы анықталғандардың 53 пайызы қатерлі дертті той-томалақ, еске алу іс-шаралары, сауда үйлері, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен түнгі клубтардан жұқтырған. Ал қалған 25,9% науқаспен жақын қарым – қатынаста болғандар, 11,7% қоғамдық көліктерде шалдыққан. 

Тұрғындар санитариялық сақтық шараларына немқұрайлы қарай бастаған. Бетперде тақпау мен әлеуметтік дистанцияны сақтамау да эпидемиологиялық ахуалға кері әсер етуде.

«Аурудың өсуінің тағы бір себебі – жаңа штаммның таралуы. Алматыға жіберілген 43 сынаманың 18-нен «Дельта» штаммы анықталды. Оның жұғу деңгейі екі есе жоғары және онымен ауру барысы ауыр формада өтеді»,- деді Мәдениет Танауов. ⠀

Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығын қатаң ескерткен өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов әсіресе, денсаулық сақтау басқармасы басшылығына кез келген жағдайға дайын болу керектігін тапсырды. ⠀

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар Абдуалиевтің айтуынша, коронавирус жұқтырғандардың өсуіне байланысты соңғы бір аптада Атырау қаласында резервтен 330 инфекциялық төсек орын іске қосылған.

«Ауырғандар саны өсіп жатса №2 облыстық ауруханадағы 30 орындық ішек инфекциясы бөлімін басқа жерге ауыстырып, инфекциялық стационарға айналдырамыз. Облыстық аурухананың жаңа корпусынан 200 орын дайындап отырмыз, жағдай ушығып жатса оны түгелдей инфекциялық стационар қыламыз. Сондай-ақ, темір жол ауруханасынан да орындар дайындаймыз», - деді Қ.Абдуалиев.

Ол сондай-ақ халықты вакциналау жұмыстарын да баяндады. Бүгінге дейін өңірге 141 200 доза вакцина жеткізілген. 2021 жылдың 1-ші ақпаны мен 7-шілдесі аралығында екпе салдырған адамдар саны 104 722-ге жеткен. ⠀

Басым вакциналауға жататын контингенттер арасында ең жоғарғы көрсеткішті әскери бөлімдердің сарбаздарын қоса алғанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрсетіп отыр – 163%. ⠀

Ал, ең төменгі көрсеткіш созылмалы аурулары бар науқастар – 11%, студенттер – 11,4%, және педагогтар – 50% арасында байқалады. Қайсар Абдуалиевтің сөзінше, халықтың вакцинамен қамтылуын арттыру үшін түрлі ынталандыру іс-шаралары қолға алынған. Бұдан бөлек, өңір басшысы вакциналау жұмыстары бойынша аудандардың әкімдері мен оқу орындарының басшыларын да тыңдады. ⠀

Жиын соңында облыс әкімі тиісті салалар басшыларына өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, халықты жаппай вакциналау жұмыстарын күшейтуді, мониторингтік топтардың қызметі мен ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын жандандыруды жүктеді. ⠀

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен жоғары оқу орындарының басшылары және селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT