Атырауда мемлекеттік сатып алуларда 13 млрд теңгеден астам заңбұзушылық анықталды

сурет ғаламтордан

 

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті биыл екінші жартыжылдықта жүргізілген камералдық бақылау нәтижелерін қорытындылады. Тексеріс барысында жалпы сомасы 13 млрд 77 млн теңгеден асатын заңбұзушылықтар бойынша 1002 хабарлама жолданған.

Талдау нәтижесіне сәйкес, анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүргізілген мемлекеттік сатып алуларға тиесілі. Аталған әдіспен өткізілген сатып алулар бойынша 680 хабарлама жолданып, олардың жалпы сомасы 4 млрд 64 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш камералдық бақылау барысында ең көп заңбұзушылық дәл осы сатып алу тәсілі кезінде тіркелгенін көрсетеді.

Сонымен қатар, бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілімен жүзеге асырылған сатып алулар бойынша 118 хабарлама жолданып, анықталған заңбұзушылықтардың сомасы 1 млрд 293 млн теңгеден асты.

Ал қолданыстағы шарттарға қосымша келісім жасау арқылы өткізілген сатып алуларда 100 дерек тіркеліп, олардың жалпы сомасы 635 млн теңгеге жуықтаған.

Бұдан бөлек, конкурс және аукционның бірінші бағыты бойынша өткізілген сатып алулар саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, анықталған заңбұзушылықтар сомасы жағынан алдыңғы қатарға шықты. Атап айтқанда, 97 хабарлама тіркеліп, жалпы сома 4 млрд 959 млн теңгені құрады. Бұл тәсіл заңбұзушылық көлемі бойынша «көшбасшы» болып отыр.

Ал конкурс пен аукционның екінші бағыты арқылы жүргізілген сатып алуларда 7 хабарлама тіркеліп, анықталған заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 2 млрд 125 млн теңгеден асты.

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті камералдық бақылау нәтижелері мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте айқындағанын атап өтті. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты тұлғаларға нұсқамалар берілді.


Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT